Бүгінгі бокс әлемінің ТОП-7 жүрек жұтқан мықтылары

2018 ж. 13 маусым
Бүгінгі бокс әлемінің ТОП-7 жүрек жұтқан мықтылары

Олар ешнәрседен қаймықпайды. Шаршы алаңға мықтылардың барлығын шақырып жүр. Шын мықтымен кездесу үшін бір салмақтан екіншісіне ауыса салуы да оп-оңай. Қарсыласының беделіне қарап та жатпайды. Бұлар үшін боксшылардың бәрі де бірдей.  Мұндайларды қазақ «жүрек жұтқан» деп айтады. Ендеше әлем боксының ТОП-7 жүрек жұтқан боксшыларын ұсынамыз.

Джервонта ДЭВИС (АҚШ, 20-0, 19КО) – екінші жартылай жеңіл салмақ

Адымен Джервонта Дэвистен бастағымыз келіп отыр. Кіші Флойд Мэйуезердің әлемге танытқан таланты өзінен асып кетейін деп тұр. Кәсіпқой боксқа 2013 жылы 19 жасында келген боксшы бүгінде 20 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 19-ында қарсыласын нокаутпен жеңіпті. Бір ғана боксшы Джервонтаға қарсы жекпе-жек соңына дейін шыдаған. Кім дейсіз ғой?.. Бекман Сойлыбаевтың экс-қарсыласы мексикалық Герман Мераз. Жалпы, екінші жартылай жеңіл салмақтағы WBA чемпионы болып саналатын бұл боксшы өзінің ұстазы Мэйуезерді де шаршы алаңға шақырудан таймайды. Бүгінде Василий Ломаченкомен жұдырықтасқысы келетінін де білдіріп жүр. Сондай-ақ, UFC сегіз бұрышында да төбелескісі келетіндігін жасырмайды.

Дэниел ДЖЕЙКОБС (АҚШ, 34-2, 29КО) – орта салмақ

Джейкобстың қаншалықты жүрек жұтқан боксшы екендігін былтыр көктемде қазақстандық Геннадий Головкинмен болған жекпе-жекте көрдік. Бағаны сол жерде бердік. Қалқан құлағы қайта-қайта дірілдеп кетіп жатқаны болмаса, Геннадийге лайықты қарсылас бола білді. Енді Сауль Альвареспен де айқасуға кетәрі емес. Егер алдағы уақытта мексикалықпен кездесер болса, жеңіп те кетуі мүмкін.

Деонтей УАЙЛДЕР (АҚШ, 40-0, 39КО) – аса ауыр салмақ

Бойы екі метрден асатын, түрі кинг-конгтардан аумайтын Деонтей Уайлдердің статистикасына кез келген боксшы қызығады. Ол ешқашан боксшы болуды армандаған емес. Баскетбол және америкалық футболға қызықты. Алайда, ерте үйленіп, қызы өмірге аурушаң болып туылғанда отбасын бағу үшін амал жоқ, қолына былғары қолғап киюге мәжбүр болды. Міне, жүрек жұтқандық. Бүгінде 40 жекпе-жекті артта қалдырды. Алғашқы 32 айқасының барлығы нокаутпен аяқталып жатты. Тіпті, ешқайсысы да төрт раундтан аспаған еді. Ал қазір өте қауіпті екенін білсе де, Энтони Джошуамен Ұлыбританияда кездесуге келісімін беріп отыр.

Майки ГАРСИЯ (АҚШ, 38-0, 30КО) – Бірінші жартылай орта салмақ

Салмақ талғамайтындардың бірі осы Мигель Анхель Гарсия. Қай салмақта жұдырықтасса да, қарсыластарын қоғадай жапыратын Майки жартылай жеңіл салмақтан бастап бірінші жартылай орта салмаққа дейін жетті. Мұнда да чемпиондық атаққа қол жеткізіп, енді жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген Роберт Истермен айқаспақ. Одан кейін тағы да бір салмақ көтеріліп, Эррол Спенспен жұдырықтасуға дайын екендігін айтты. Ал келесі жылы Васидий Ломаченкоға қарсы шаршы алаңға шықпақ.

Тайсон ФЬЮРИ (Ұлыбритания, 26-0, 19КО) – аса ауыр салмақ

Ұзақ уақыт алыптар салмағында үстемдік құрған Владимир Кличконы тағынан тайдырған боксшы осы. Тайсон шаршы алаңда да, ринг сыртында да ешкімнен тайсалмайды. «Головкин маған көтерілсін, Джошуамен қазір-ақ айқасуға дайынмын», – деп жүрген боксшы ғой. Энтонимен келесі жылы жекпе-жекке шығып жатса, таңғалмаймыз.

Василий ЛОМАЧЕНКО (Украина, 12-1, 9КО) – жеңіл салмақ

Кәсіпқой бокстағы екінші айқасында-ақ әйгілі Орландо Салидоға қарсы шаршы алаңға шығып, чемпиондық белбеуді сарапқа салған Ломаченко 12 жекпе-жекте үш чемпиондық атақты жеңіп алған бірінші боксшы. Ол ешкімнен қорықпайды. Одан бәрі сескенеді. Ломаченкомен дәл қазір шаршы алаңға шығуға дайымен бір ғана боксшы бар. Ол – Майки Гарсия. Бірақ, Гарсия жайында жоғарыда жазып өттік.

Теренс КРОУФОРД (АҚШ, 33-0, 24КО) – жартылай орта салмақ

P4P үздігі атағын бекер артынып жүрген жоқ. Теренс Кроуфорд сөзбен емес, өз мықтылығын іспен дәлелдейтін боксшы. Бірінші жартылай орта салмақтың абсолютті чемпионы болып, барлық белбеуді тарата салған ол енді жартылай орта салмақты бағындыруға кірісті. Қазір бұл салмақтағы өзге боксшылар тығыларға жер таппай, жан далбасалап жүргені де рас.

Әлбетте, басқа боксшыларды «су жүрек» деп отырған жоқпыз. Деревьянченкомен жекпе-жекке шығудан бас тартқан Геннадий Головкин де, Головкинді әбден сарсаңға салған Сауль Альварес те, тіпті жарақат алуға дайын тұратын Билли Джо Сондерс те бүгінгі күннің батырлары. Дегенмен, біз тізген боксшылар ақшадан гөрі абыройды жоғары қоятын саңлақтар.

Текст: Sadvakas Maikibayev