Қазақстанда кәсіпқой бокс бар ма немесе Головкин нені меңзеді?

2018 ж. 8 қазан
Қазақстанда кәсіпқой бокс бар ма немесе Головкин нені меңзеді?

Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген Геннадий Головкин журналистерге «Қазақстанда кәсіпқой бокс жоқ» деп салды. Чемпионымыздың бұлайша шорт кетуіне не себеп болды? Расымен де бізде кәсіпқой бокс жоқ па? Жалпы, Головкиннің меңзегені не? Шама-шарқымызша жауап іздеп көрсек.

Қыркүйектің 15-інде Лас-Вегаста Сауль Альвареспен айқасқан Геннадий Головкин қазір Қазақстанда жүр. Өткенде Алматыға барып, біршама іс-шараларға қатысып қайтты. Оңтүстік астанамызда баспасөз мәслихатын өткізді. Ал бүгінде оның мына пікірі журналистер мен бокс мамандары арасында хит болып жүр:

– Мен қазір АҚШ-та жаттығамын. Қазақстанда кәсіпқой бокс жоқ. Егер спортшы кәсіпқой деңгейге өткісі келсе, онда оларға осы салада болып, чемпиондармен жаттығуы, чемпиондармен спаррингтер өткізуі қажет.

«Қазақстанда кәсіпқой бокс жоқ». Головкиннің бұл сөзі осы салада жүрген талай адамға шапалақ болып тиген де шығар. Біраз боксшылар жүректеріне жақын қабылдаған болуы да мүмкін. Дегенмен, чемпионның бұл сөзінде үлкен астар жатқанын көзі қарақтылар жете түсінген болуы тиіс.

Әлбетте, «Қазақстанда кәсіпқой бокс жоқ» деуге келмейді. Жоқ болса, Геннадий Головкиннің өзі қайдан шықты? Василий Жиров, Бейбіт Шүменов, Жанат Жақиянов та өз салмақтарында әлем чемпионы болған. Марат Мәзімбаев, Қанат Ислам, Бекман Сойлыбаев, Батыр Джүкембаев сынды аймақтық белбеулердің иегерлері де бар. Мұны Геннадийдің өзі де жақсы түсінеді. Сондықтан, осылай деп пікірін жайып салғанда Triple G басқа нәрсені меңзеген болуы мүмкін.

Бізде кәсіпқой бокста мықты жігіттер өте көп. Дегенмен, бізде кәсіпқой бокстың индустриясы жоқ. Кәсіпқой бокстағы индустрия дегеніміз не? Ол – промоутерлік, ол – менеджерлік, ол – жекпе-жектер кеші, ол – бапкерлер базасы, ол – жаттығу залдары, ол – телетрансляциялар, ол – … осылай тізбелей беруге болады. Түптеп келгенде жүйе жоқ. Рас, Қазақстанда шама-шарқынша жұмыс жасап жүрген промоутерлер бар. Бірақ, олардың саны бір қолдың саусақтарына әзер жетеді. Рас, менеджерлер де бар. Бірақ, промоутер де бір адам, менеджердің де қызметтерін атқарып жүрген солар. Рас, жекпе-жек кештері де ұйымдастырылып тұрады. Бірақ, жылына бір-екеу ғана. Рас, бапкерлер де бар. Бірақ, біздің мамандар негізінен әуесқой боксқа машықтанған. Үш раундтық жекпе-жектерден чемпиондар шығара алғанымен 12 раундқа шыдас беретін боксшыларды дайындай алмайды. Рас, Астана мен Алматы қалаларында жаттығу залдары ақырындап ашылып жатыр. Бірақ, спарринг қарсыластар жоқ. Рас, телеарналарымызда оқта-текте бокс кештерін көрсетіп тұрады. Бірақ, Головкин, Шүменов, Ислам, Сойлыбаев, Елеусінов сынды жігіттерді ғана көріп жүрміз. Өзгелерінің айқастары туралы тек интернеттен білеміз. Тіпті, телеарналарымыз Қазақстанда өтіп жатқан жекпе-жек кештерін де көрсетуге құлықсыз. Иә, трансляция жасағылары келеді. Бірақ, сол трансляцияларды кеш ұйымдастырушыларынан сатып алғылары жоқ. Тегін алғанды қалайды.

Міне, кәсіпқой бокстағы индустрия дегеніміз осы. Бізде мұның барлығы әлі дамымаған. Жүйе жоқ. Геннадий Головкиннің де меңзегені осы болса керек. Егер солай болса, чемпионымызбен толықтай келісемін.

Текст: Sadvakas Maikibayev