Асқат Уәлиханов ұзақ үзілістен кейін шаршы алаңға қайта оралады
Ертең бір жылдан астам уақыт үзілістен кейін қазақ боксшысы Асқат Уәлиханов шаршы алаңға қайта шығады. Жерлесіміз Голливудта өзінің кәсіпқой бокстағы төртінші жекпе-жегін өткізеді.
Биыл жылдың басында әйгілі менеджер Эгис Климаспен келісімшартқа отырған Асқаттың қарсыласы америкалық Дарел Харрис. 29 жастағы боксшы үшін бұл шаршы алаңдағы бесінші айқас. Алғаш рет кәсіпқой бокстың былғары қолғабын сонау 2010 жылдың желтоқсанында киген екен. Қарсыласын нокаутпен ұтқан. Араға екі ай салып, тағы да шаршы алаңға көтерілген Дарел ол жолы тең түскен. Дегенмен, содан кейін жеті жылдан астам уақыт шаршы алаңға шықпаған. Биыл мамырда ғана үлкен боксқа қайта оралды. Бірақ, сәтсіз жұдырықтасып, қатарынан екі жекпе-жекте жеңіліп қалды.
Ал төртінші жекпе-жегін өткізетін Асқаттың кәсіпқой бокстағы дебюті сәтті болмаған. Жекпе-жектің үшінші раундында гонгтан кейін қарсыласын ұрғаны үшін техникалық жеңіліспен жазаға ұшырады. Одан кейінгі екі кездесуінде де жеңіске жеткен. Бірақ, әртүрлі себептерге байланысты былтырғы сәуірден бері шаршы алаңға шығайын деп тұрғаны осы.
Жекпе-жек Голливудта өтеді. Барлығы төрт раундқа жоспарланған.