Қараша айының ТОП-5 жекпе-жегі

2018 ж. 31 қазан
Қараша айының ТОП-5 жекпе-жегі

Өзге айлардан қалыспай қарашада да Аустралиядан бастап Америкаға дейін әлемнің түкпір-түкпірінде неше түрлі жекпе-жек кеші өтеді. Өте жеңіл салмақтан бастап аса ауыр салмаққа дейін ТОП айқастар жетіп артылады. Алайда, біз арасынан тек ТОП-5 жекпе-жекті ғана таңдап отырмыз. Ендеше назарларыңызға келесі айдың ең ірі бес кездесуін ұсынамыз.

5-ші орын. Джефф Хорн, Аустралия (18-1-1, 12 KO) – Энтони Мандин, Аустралия (48-8, 28 KO)

30 қараша, Брисбен (Аустралия)

Қараша өтетін чемпиондық айқастар жетерлік. Дегенмен, 5-ші орынға аустралиялық қос мықты Джефф Хорн мен Энтони Мандиннің айқасын қоюды жөн көрдік. Өйткені, чемпиондық айқастардағы боксшыларға қарағанда бұл екеуі әлдеқайда танымал. Өз елін ғана емес, күллі әлемді мойындатқан. Ал жекпе-жек 156,5 фунтата өтеді. Хорн 147 фунтта, Мандин 160 фунтта жұдырықтасып жүрген боксшылар болғанымен екеуі осындай аралық салмаққа келісіпті. Сондықтан, бұл бірінші кезекте бизнестік кездесу. Ал салмақ өлшеу барысында Мандин келісілген салмақтан асып кетер болса, әр 100 грамм үшін 50 мың доллардан төлеуге мәжбүр болады.

4-орын. Дмитрий Бивол, Ресей (14-0, 11 KO) Жан Паскаль, Канада (33-5-1, 20 KO)

Жартылай ауыр салмақ (79,4 келі) дәрежесіндегі WBA чемпиондық атағы үшін өтетін айқас

24 қараша, Атлантик сити (АҚШ)

Қарашаның 24-і күні Атлантик ситиде ресейлік боксшы Дмитрий Бивол WBA чемпиондық белбеуін қорғайды. Қарсыласы – кәсіпқой бокстың жілігін шаққан әккі Жан Паскаль. 36 жасар канадалық бұл кездесудің аутсайдері саналғанымен Биволдың біраз жүйкесін жұқарта алатын дәрежеде. Соңғы екі кездесуін тамаша өткізіп, техникалық нокаутқа қол жеткізген. Кезінде Бернард Хопкинс, Карл Фрочтардың өзімен жұдырықтасқан Паскальдің ресейлікке қарағанда тәжірибесі молырақ. Әйтсе де, шаршы алаңда әлі жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген Дмитрий өзіне әбден сенімді. «бәлкім, ол біздің дивизиондағы үздік боксшы емес шығар. Бірақ, менімен шаршы алаңға шығуға келіскеніне рахмет», – деді өзінің соңғы сұхбаттарының бірінде Бивол.

3-орын. Райан Барнетт, Ұлыбритания (19-0, 9 KO) Нонито Донэйр, Филиппин (38-5, 24 KO)

Дүниежүзілік бокс суперсериясының ширек финалы, Аса жеңіл салмақ (53,5 келі) дәрежесіндегі WBA супер чемпионы және WBC Diamond вакантты белбеуі үшін өтетін айқас

3 қараша, Глазго (Шотландия)

Шотландия астанасында өтетін жекпе-жек қос белбеудің сарапқа салынатындығымен ғана емес, қай жеңгені Дүниежүзілік бокс супер сериясының жартылай финалына шығатындығымен де қызық. Райан Барнетті қазақ жанкүйерлері жақсы таниды. Былтыр дәл осы уақытта Жанат Жақияновты жылатып тұрып, белбеулерін тартып алған. Ал Донэйр 35 жасар филиппиндік боксшы. Көпшілік бұл кездесуде британиялықты фаворит санайды. Несі бар, жөн болжам. Өз жерінде Барнетт барын салуы тиіс.

2-орын. Мигель Берчельт, Мексика (34-1, 30 KO) Мигель Роман, Мексика (60-12, 47 KO)

Екінші жартылай жеңіл салмақ (59 келі) дәрежесіндегі WBC чемпиондық атағы үшін өтетін айқас

3 қараша, Эль-Пасо (АҚШ)

Мексиканың қос мықтысы арасында өтетін айқаста Мигель Берчельт өткен жылдың қаңтарында Франсиско Варгастан тартып алған WBC чемпиондық атағын бесінші рет қорғамақ. Бұл жолғы қарсыласы – Мигель Роман. 2008-2010 жылдар аралығында қатты дағдарысқа ұшырап, өзін жоғалтып алған Роман қазір бабында. Аттасының чемпиондық атағын тартып алудан тайынбайды. Алайда, көпшілік секілді мен де бұл жекпе-жекте Берчельттің жеңісіне бәс тігемін.

1-орын. Александр Усик, Украина (15-0, 11 KO) Тони Беллью, Ұлыбритания (30-2-1, 20 KO)

Ауыр салмақ (90,7 келі) дәрежесіндегі WBC, IBF, WBO және WBA Super чемпиондық атақтары үшін өтетін айқас

10 қараша, Манчестер (Англия)

Ал бірінші орында бізде «заңды түрде» украиналық Александр Усик пен британиялық Тони Белльюдің айқасы. Төрт белбеу үшін өтетін жекпе-жекті күтіп жүргендер өте көп. Бұдан бөлек, бұл кездесу қаржылық тұрғыда да екі боксшыға үлкен пайда әкелуі тиіс. Тіпті, осы жекпе-жек үшін Тони аса ауыр салмақ дәрежесінен бір категорияға төмен түсіп отыр. Әлбетте, фаворит – Усик. Бірақ, Беллью өз жерінде жеңісті оңайлықпен бере қоймас.

Текст: Sadvakas Maikibayev