Андре Уордпен айқасқан Салливан Баррера қалай андеркарт боксшысына айналды

2017 ж. 23 қараша
Андре Уордпен айқасқан Салливан Баррера қалай андеркарт боксшысына айналды

Қарашаның 25-і күні Нью-Йорктің «Мэдиссон Сквер Гарден» кешенінде өтетін кәсіпқой бокс кешінің басты андеркартында кубалық Салливан Баррера мен доминикандық Феликс Валера шаршы алаңға шығады.

Бокс әлемінде мойындалмай, өз орнын таппай келе жатқан жампоздардың бірі – Салливан Баррера. Кәсіпқой бокстағы карьерасын 2009 жылы бастаған кубалық «қара маржан» 2016 жылға дейін Геннадий Головкиннің бас бапкері Абель Санчестің қол астында жаттықты. Сол кезде оның статистикасы – 17-0 еді. Жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген сол кездегі Баррераға мамандар үлкен үміт артты. Бірақ, Андре Уордпен бекер кездесті-ау. Көптеген беделді сарапшылардың Р4Р рейтингінде көш бастап тұрған америкалық боксшы шынымен де мықты еді.

Алайда, кейінгі кездері Уорд туралы «шау тартып барады» деген әңгімелер де шыға бастаған соң Салливан сол сөзге сеніп қалған сияқты, әлде өз күшіне тым қатты сеніп қойды ма?.. Әйтеуір, 12 раундтық айқаста төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіліс тапты. Бұл оның кәсіпқой карьерасындағы бірінші жеңілісі еді. Одан кейін Баррера бас бапкерін ауыстырды. Қазір ол Айдар Шәрібаевпен бірге бір залда, бір жаттықтырушы Дерик Сантос-Росарионың қарамағында жаттығады. Уордтан кейін шаршы алаңға үш рет шығып, үшеуінде де қарсыластарын еш қиналмастан ұтты. Ал бұл жолы оны доминикандық Феликс Валера күтеді.

Шыны керек, бокс әлемі үшін Феликс Валера жұмбақ боксшылардың бірі. Осы күнге дейін 16 рет шаршы алаңға шыққан болса, соның 14-ін өз елінде өткізген. Қалған екеуінде Ресейге барып қайтыпты. Мәскеуге барған сапарында Дмитрий Буйволдан жеңіліп қайтқан. Ал АҚШ-қа бірінші рет аяқ басып отыр. Сондықтан болар, әзірге бұл боксшы Америка жерінде басты жекпе-жектің боксшысы бола алмай отыр. Әйтпесе, Салливан Баррера андеркарттың боксшысы емес қой. Бәлкім, екі-үш кездесуден кейін өзіне бедел жинаған жағдайда, Валера андеркарт емес, басты жекпе-жекке шығуға құқық алатын шығар.

10 раундқа жоспарланған бұл жекпе-жек Сергей Ковалев пен Вячеслав Шабранскийдің андеркартында өтеді. Әлемде НВО арқылы таратылатын айқастың тікелей көрсетілімін Қазақстанда жанкүйерлер «Хабар» арнасынан таңертеңгі 8:00-ден бастап тамашалай алады.

Текст: Sadvakas Maikibayev