Андре Уорд шаршы алаңға қайта орала ма?

2018 ж. 9 маусым
Андре Уорд шаршы алаңға қайта орала ма?

Кәсіпқой бокстағы соңғы жекпе-жегін өткен жылдың маусымында өткізіп, былғары қолғабын шегеге ілгендігін мәлімдеген Андре Уорд бір жылдық үзілістен кейін шаршы алаңға қайта оралғысы келетіндігін ыммен білдірді. Бірақ, бұл қаншалықты мүмкін?

Былтыр дәл осы уақытта Андре Уорд ресейлік Сергей Ковалевпен жекпе-жекке шығып, 8-ші раундта қарсыласын нокаутқа түсіру арқылы жартылай ауыр салмақ дәрежесіндегі WBA, WBO және ІВF чемпиондық белбеулерін жеңіп алған. Алайда кейін бокспен қоштасатындығын мәлімдеп, барлық белбеулерін босатқан. Содан бері, міне, бір жыл болды, шамасы, үйде жатып, шаршаған сияқты, кейінгі кездері боксшы шаршы алаңға қайта оралғысы келетіндігін жиі айтып қалып жатыр. Мәселен, осы жолы, «Егер Тони Белью келесі айқасында Олександр Усик – Мурат Гассиев жұбының жеңімпазын жеңіп, барлық белбеуді біріктіре алар болса, онда британдықпен жекпе-жекке шығу үшін шаршы алаңға шығуға дайынмын», – деп салды.

Бұл жай айтыла салған сөз де болуы мүмкін. Себебі, біріншіден Усик пен Гассиев әлі өзара кездескен жоқ. Екіншіден, Бельюнің қауқары бұл боксшыларға қаншалықты жететіндігін нақты басып айту оңай емес. Сондықтан, Андре бұл жерде британдықты жай ғана келемеждеп отырған болуы да мүмкін. Дегенмен, «жел тұрмаса шөптің басы қимылдай ма?». Соңғы кездері Андре Уорд ет жинап, ауыр салмақ дәрежесінда айқасуға дайындалып жүргендігі туралы жиі айтылуда. Оның үстіне, кәрі де емес. Жасы небәрі 34-те. Осының барлығын ескерер болсақ, ірі айқас болса, Андре Уорд шаршы алаңға қайта оралуы ғажап емес.

Естеріңізге сала кетейік, Афины Олимпиадасының чемпионы Андре Уорд кәсіпқой боксқа 2004 жылы ауысып, содан бері 32 жекпе-жек өткізген. Барлығында жеңіске жетіп, соның тең жартысын нокаутпен аяқтаған.

Текст: Sadvakas Maikibayev