Қанат Ислам қалайша әлем рейтингтерінен шығып қалды?

2018 ж. 3 қыркүйек
Қанат Ислам қалайша әлем рейтингтерінен шығып қалды?

Кеше Дүниежүзілік бокс қауымдастығы әлем боксшыларының кезекті рейтингін түзді. Тізімде қазақстандық боксшы Қанат Ислам жоқ. Ал бұған дейін жерлесімізді WBC мен WBO да өз рейтингтерінен сылып тастаған еді. Бүгін біз Қанаттың қалай рейтингтерден түсіп қалуын аз-кем сараптап көрмекпіз.

Алдымен ақпан айында Қанат WBC рейтингінен түсіп қалды. Бұған дейін 6-шы орында тұрған жерлесімізді ТОР-15 боксшының қатарынан таппадық. Бірақ, таңғалғанымыз жоқ. Өйткені, Қанаттың жұдырықтасып жүрген тұжырымдары WBO мен WBA еді. Алғашқысы бойынша Солтүстік Америка құрлығының чемпионы болса, екіншісінде құрлық аралық белбеудің иегері. Алайда, Дүниежүзілік бокс ұйымы бойынша көктемді ТОР-10 боксшының қатарында аяқтаған Қанат маусымның соңында бұл рейтингтің де үздіктер қатарынан тыс қалды. Ал кеше боксшымызды Дүниежүзілік бокс қауымдастығы да өз рейтингінен алып тастады.

Қанат Ислам – кәсіпқой бокстағы дебютін 2012 жылдың күзінде өткізіп, содан бері 25 жекпе-жегінде де жеңіске жеткен. 20 қарсыласын нокаутқа түсірген. Оның рейтингтен тыс қалуы неліктен?

Жалпы, бұл тұрғыда Әлемдің бокс ұйымдарының рейтингтерінен түсіп қалудың бірнеше себептері болады. Атап айтсақ, боксшы карьерасын аяқтағанда, допингпен ұсталғанда, істі болғанда немесе бір жылдан астам уақыт шаршы алаңға шықпағанда рейтингтерден автоматты түрде түсіп жатады. Сондай-ақ, рейтингтегі бәсекелестері белсенді болып, жекпе-жектірінің саны мен сапасы жөнінен өзінен асып түскен кезде де «ұшып кетуі» мүмкін.

Енді басқа тұжырымдарды қоя тұрайық, WBA рейтингін қарайықшы. Қанат Ислам соңғы айқасын өткен жылдың 9 қыркүйегінде өткізген. Содан бері шаршы алаңға шықпаған екен. Маусым айында төбелесуі керек еді, бірақ аяғынан жарақат алып, жекпе-жекті кейінге шегеруге мәжбүр болған. Ал оның бәсекелестері былтырғы қыркүйектен бері кемі екі жекпе-жек өткізіп тастаған. Тіпті, арасында 5 рет шаршы алаңға шыққандары да бар екен. Міне, Қанаттың рейтингтен түсіп қалуының себебі осында жатқан болса керек. Ал бір аптадан кейін шаршы алаңға шықпағанына бір жыл болатындықтан boxrec рейтингіндегі статусы да «inactive» болып қалуы ғажап емес.

Дегенмен, рейтинг дегеннің бәрі шартты нәрсе. Біз жерлесіміздің ертерек шаршы алаңға оралуын тілейміз. Жылдың басында әйгілі менеджер Эгис Климаспен келісімшартқа отырып, алдағы карьерасынан үлкен үміт күттірген Қанаттың бұлайша көзден таса болып қалуы бізді де алаңдатады. Алайда, бір-екі жарқын жеңістен кейін рейтингтердің төріне қайта оралады деп сенеміз.

Текст: Sadvakas Maikibayev