Айдар ШӘРІБАЕВ – Головкин бұл жекпе-жекте жеңілген жоқ

2018 ж. 18 қыркүйек
Айдар ШӘРІБАЕВ – Головкин бұл жекпе-жекте жеңілген жоқ

Лас-Вегаста өткен Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің қарымта айқасына байланысты Diamond Ring боксшысы Айдар Шәрібаев өз пікірін білдіріп, жерлесіміз жеңілген жоқ дегенді айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 12 раундқа созылған ғаламат жекпе-жектің қорытындысы бойынша Геннадий Головкин төрешілердің шешімімен жеңіліс тауып, барлық чемпиондық белбеулерінен айрылған болатын.

– Боксшылар бізге өте тамаша жекпе-жек тарту етті. Екеуі де мықты. Міне, осындай айқастар үшін күллі әлем боксты жақсы көреді. Дегенмен, меніңше Головкин жеңілген жоқ. Иә, жеңді деп те айта алмаймыз. Бірақ, ұтылмағаны хақ. Былтыр бірінші жекпе-жекте жерлесіміз жеңген болатын. Төрешілер тең есеп тіркеді. Осы жолы айқас тең аяқталуы тиіс еді, жеңісті Канелоға беріп жіберді. Әлбетте, бұл түсінікті нәрсе. Жекпе-жектің ұйымдастырушылары «Голден бой». Біздің тілмен айтқанда, Головкин ол жаққа қонақ болып барды. Жеңісті оңайлықпен бере салмайтыны анық еді. Геннадийге нокаутпен жеңбесе де, кемі екі рет қарсыласын нокаутқа түсіріп алу қажет болатын. Енді үшінші жекпе-жекті күтеміз. Бірақ, бұл жолы Головкин «Голден бойдың» бүкіл талабына көнуге тура келеді, – деді Айдар Шәрібаев.

Текст: Sadvakas Maikibayev