AIBA vs WBA – әуесқой бокс үшін соғыс басталды

2018 ж. 24 қараша
AIBA vs WBA – әуесқой бокс үшін соғыс басталды

Владимир Кличко өзінің «ютубтағы» ресми арнасы арқылы көпшілікке бейнежолдау жасап, Халықаралық Олимпиада комитетінен әуесқой боксты АІВА-дан алып қойып, Дүниежүзілік бокс қауымдастығының қолына беруді ұсынды. Бұған дейін Open Ring «ютуб» арнасына сұхбат берген Бейбіт Шүменов те WBA ұйымын жақтап, Олимпиадаға барудың басқа жолын ұсынған еді.

Рас, соңғы кездері әуесқой бокста қызық қалмады. Әр ірі доданың соңы дауға айналып, «Олимпиада ойындарында алтындар тапсырыспен беріледі екен» деген әңгімелер жиі айтыла бастады. Әлбетте, мұның барлығы АІВА-дағы былықтарға байланысты болса керек. Дау көбейіп кеткені соншалық, Халықаралық Олимпиада комитеті боксты өз бағдарламасынан алып тастау туралы мәселені көтере бастады. Ал шілде айында ХОК басшылары «егер АІВА-ға Гафур Рахимов президент болып сайланса, онда келесі Олимпиада бокссыз өтеді», – деп ашық мәлімдеді. Уақыт өтті, қараша айында сайлау ұйымдастырылып, қазақстандық Серік Қонақбаевтан артық дауыс жинаған өзбек-әкә Гафур Рахимов президент болып сайланды. Әзірге Халықаралық Олимпиада комитеті қандай да бір нақты шешімге келген жоқ. Дегенмен, үнсіз қалмайтыны тағы анық. Осы орайда, бүгінде бокс функционерлері спорттың бұл түрін қалайда Олимпиада бағдарламасында қалдырудың жолдарын қарастырып жатыр. Ал абсолютті салмақтағы әлемнің экс-чемпионы, украиналық Владимир Кличко өзінше бір эврика жасаған сияқты.

– Бірінші рет бокстың басына қауіп төнді. Бокс Олимпиада ойындарының бағдарламасынан шеттетілуі мүмкін. Сондықтан, спортшыларымыз армандарынан айрылмас үшін бәріміз бірігуіміз керек. Осы орайда, барлық ұлттық федерацияларды бокс пионері Дүниежүзілік бокс қауымдастығының аясына қосылуға шақырамын. Сондай-ақ, Халықаралық Олимпиада комитетінен де WBA ұйымына олимпиадалық лицензия беріп, Токиодағы төртжылдық додаға осы ұйым арқылы жолдама алатындай жағдайды қарастыруды сұраймын. Бұл боксшылар мен жанкүйерлердің құқығын қорғауға ат салысып жүрген бірден бір бокс ұйымы, – деді 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының чемпионы.

Естеріңізге сала кетейік, осыған ұқсас пікірді Open Ring youtube арнасына сұхбат білдірген жерлесіміз, ауыр салмақтағы WBA regular чемпиондық белбеуінің иегері Бейбіт Шүменов те білдірген еді.

– Дәл қазір америкалық серіктестеріммен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Олар ТМД және Орта Азия елдерін орталықтандыратын WBA штабын Қазақстанда ашуға әзір. Сосын кәсіпқой бокста белгілі бір мөлшерге дейін жекпе-жек өткізген боксшыларды Олимпиадаға дайындау жоспарда бар. Неліктен Дүниежүзілік бокс қауымдастығын таңдап отырғанымды айтайын ба? Өйткені, олар кәсіпқой боксшылардың Олимпиадаға қатысуын қолдап отырған бірден бір ұйым, – деген болатын Бейбіт Шүменов.

Айтпақшы, жақында WBA Лозаннада өздерінің жаңа штабын ашып, Халықаралық Олимпиада комитетімен көрші болды. Дегенмен, бұл ұйымды да сынға алушылар өте көп. Мәселен, көптеген сарапшылар Дүниежүзілік бокс қауымдастығына бір салмақта бірнеше чемпиондық белбеулерді үлестіре беретініне наразы. Нақты айтсақ, кейбір салмақта WBA super, WBA regular, WBA interim және демалыстағы чемпион деген сынды чемпиондар жетерлік. Сондықтан, олар ертең WBA әуесқой боксты қолына алар болса, онда Олимпиада ойындарында да бір салмақта бірнеше чемпион шығуы әбден мүмкін деп мысқылдайды.

Әліптің артын бағайық.

Текст: Sadvakas Maikibayev