Адонис Стивенсон бес жыл ұстаған белбеуін Баду Джекке бере ме?

2018 ж. 18 мамыр
Адонис Стивенсон бес жыл ұстаған белбеуін Баду Джекке бере ме?

Ертең Канаданың Торонто қаласында кәсіпқой бокс кеші өтіп, бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі WBC чемпионы Адонис Стивенсон швед «қаныпезері» Баду Джекпен айқасады.

2013 жылы Чад Доусонды жеңіп, WBC чемпионы атанған Адонис Стивенсонның сол белбеуді беліне байлап жүргеніне бес жыл болды. Әлі күнге ешкімге берер емес. Жасы 40-тан асса да, айрылғысы келмейді. Дегенмен, айта кету керек, өмірінде екі-ақ рет АҚШ-қа барып қайтқаны болмаса, қалған айқастарының барлығын өз елінде өткізіп жүр. Оның үстіне, соңғы жылдары шаршы алаңға жылына бір-ақ реттен ғана шығып жүргенін де айта кету керек. Ал алдағы жекпе-жек Адонис үшін кәсіпқой бокстағы 31-ші айқас болмақ.

Баду Джек те мықты боксшы. Кәсіпқой бокста 25 айқас өткізіп, соның 22-сінде жеңіске жеткен. Біреуінде ғана ұтылып, екі кездесуінде тең түскен.

Бір қызығы, екеуі де нокаутпен жеңіске жетерлеріне сенімді.

– Нокаутпен ұтуға тырысамын. Сондықтан, кірпік қақпа! Әйтпесе, мұрттай ұшасың. Жекпе-жек 12 раундтан тұрғанымен маған нокаут үшін бір ғана соққы жетеді, – деді кеше баспасөз мәслихатында Адонис Стивенсон.

Ал Баду Джек бұл жекпе-жекте ең бастысы ақылды бокс емес, жарқын жеңіс екендігін айтып өтті.

– Шаршы алаңға шық та, нокаутқа түсір дейді ғой. Мен сөйтемін. Мені солай үйреткен. Әлбетте, қажет болса, 12 раунд бойы жұдырықтасуға дайынмын. Бірақ, бокста ең бастысы – нокаут, – деді өз кезегінде Баду Джек.

Текст: Sadvakas Maikibayev