Абылайхан Жүсіпов жартылай финалда Үндістан үмітінен ұтылды

2020 ж. 10 наурыз
Абылайхан Жүсіпов жартылай финалда Үндістан үмітінен ұтылды
Фото - kfb.kz

Токио Олимпиадасының Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы іріктеу турнирінде жеңілістің кермек дәмін де таттық. Жартылай финалда үміт артқан талантымыз ұтылып қалды. Атап айтқанда, 69 келі салмақ дәрежесіндегі Абылайхан Жүсіпов үндістандық Викаш Киршанға есе жіберіп алды.

Үндістан боксшысы алға қарай ұмтылып, Абылайханның ойлануына мүмкіндік бермеуге тырысты. Жүріп-жүріп, тұра ұмтылатыны бар екен. Әрі жұдырығын ала ұмтылып, ширақ қимылдады. Соққыларының біразы діттеген жеріне тиіп те жатты. Жеңіске деген жігері басым болды. Бірінші раундта сәл басымдау да болған секілді.

Абылайхан екінші раундтан бастап, өзі шабуылдауға тырысты. Бірақ шалт қимиылды Үндістан боксшысы да қарап қалмады. Ол соққыны азырақ жұмсаса да, дәл тигізуге тырысты. Абылайхан болса, оның аптығын басып тастай алмай, асыға бастағандай болды. Негізі, келесі раундтарда Жүсіпов ұтылмаған сияқты еді...

Айтпақшы, екінші раундта Викаш Киршанның қабағы жарылды. Бірақ дәрігерлер оған жекпе-жекті жалғастыруға рұқсат берді. Үшінші раунд та тартысты өтіп, Абылайхан дес бермегендей еді. Әйтсе де, төрешілер үш раундтың қорытындысы бойынша жеңісті оның қарсыласына берді – 2:3 (28:29, 29:28, 28:29, 29:28, 28:29). Енді бұл жеңіліс Абылайханға сабақ болса екен деп тілейміз.