Абылайхан Жүсіпов моңғол боксшысының қабағын жарды
Токио Олимпиадасының Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы іріктеу турнирі бүгін де ел назарын өзіне аударды. 6 наурыздағы жекпе-жектердің күндізгі сессиясында біздің елден ешкім рингке шыққан жоқ. Кешкі сессиясы әйелдер арасындағы кездесулермен басталып, шаршы алаңға бірінші болып біздің Валентина Хальзова шықты.
69 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Валентина Хальзова Оңтүстік Корея аруы Сюён Чоимен жұдырық түйістіріп, аса қиналмай жеңіске жетті. Үшінші раундта рингтегі төреші қарсыласына ескерту жасап, оның бір ұпайы шегерілді де. Сөйтіп, 2016 жылғы әлем чемпионы басым түсті. Есеп – 5:0 (30:26, 30:26, 30:26, 30:26, 30:25).
75 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Надежда Рябец өзбек қызы Навбахор Хамидовамен жұдырықтасты. Бұл нағыз қиян-кескі төбелес болды. Екінші раундта екеуі де ескерту алып, бір ұпайларынан айырылды. Надежда жанкештіліктің үлгісін танытып, алға қарай ұмтыла берді. Әрі ұтылып жатып, төрешілердің екі айырылған шешімімен жеңіске жетті. Есеп - 28:27, 27:28,27:28, 28:27, 28:27.
69 келіде иісі қазақтың намысын қорғап жатқан Абылайхан Жүсіпов моңғол жігіті Мишилт Баттумурмен жұдырық түйістірді. Қарсыласы жанкешті жігіт екен, «ішке» кіріп кетіп, қоян-қолтық айқаста бағын іздеуге тырысты. Абылайхан ебін тауып, оны төпелеумен болды. Бірақ бірінші раунда моңғолдық боксшының қабағы жарылды...
Абылайхан техникасының жоғарылау екендігін дәлелдеп, ұпай санымен ұтып жатқан. Олимпиада жолдамасынан үмітін үзбеген Мишилт алға ентелеуін қоймады. Ақыры үшінші раунда екеуі соғылысып, оны жарақаты жекпе-жекті жалғастыруға келмеді. Дәрігер оның одан әрі жұдырықтасуына рұқсат бермей, Абылайхан жеңіске жетті. Төрешілердің бәрінің жазбасында Жүсіпов алда болатын.