2019 жыл Мэнни Пакьяо – Эдриен Бронер шоуымен басталады

2018 ж. 20 қараша
2019 жыл Мэнни Пакьяо – Эдриен Бронер шоуымен басталады

Филиппиндік Мэнни Пакьяо мен америкалық Эдриен Бронер өзара жекпе-жек туралы ресми түрде келісімге келді. Айқас қаңтардың 19-ы күні Лас-Вегастың «MGM Grand» аренасында өтеді.

Сегіз салмақ дәрежесінде әлем чемпионы болған Мэнни Пакьяо үшін бұл кәсіпқой бокстағы 70-ші жекпе-жек болмақ. Ал одан 10 жасар кіші Эдриен Бронер 38-ші айқасын өткізбек. Жекпе-жекті ақылы трансляция арқылы Showtime телеарнасы көрсетеді.

– Менің карьерам жалғасын табады. Мэнни Пакьяо бокстан кетпейді. 19 қаңтар күні тамаша жекпе-жек өткізгім келеді. Қарсыласымның да мықты, әрі жылдам екендігін білемін. Сондықтан, жекпе-жекке барынша дайындалуым керек. Эдриен Бронерді әдейі таңдадым. Бұл өзімді де ләззатқа бөлейтін, көрермендерді де рахатқа кенелтетін жекпе-жек болмақ, – деді бұл туралы Пак Мэн.

Бұл айқастан филиппиндік боксшының қанша гонорар алатындығы әзірге белгісіз. Дегенмен, қарсыласынан әлдеқайда молырақ табыс түсіретіні анық. Бұған Эдриен Бронер де көңілі толмайтындығын білдірді. Әйтсе де, бұл кездесу оның алдағы карьерасы үшін маңызды болатындығын атап өтті.

– Мэнни Пакьяомен айқасуды барлық боксшылар аңсады. Дегенмен, Жаратқанның қалауымен жекпе-жек маған бұйырды. Бұл Пак Мэннің таңдауы. Пакьяо – Даңқ залының болашақ мүшесі. Бокста үлкен жетістіктерге қол жеткізген. Ұлы адам. Сондықтан, одан сескенуім заңдылық. Алайда, айқас өте тартысты болады деп ойлаймын. Әлбетте, менің сыйақым Мэннидікінен әлдеқайда аз. Бірақ, ақшаны қарғыс атсын. Ақша үшін айқасайын деп жатқан жоқпын. Жеңістен кейін табысым бұдан да зор болады, – деді Эдриен Бронер.

Айтпақшы, айта кетейік, жекпе-жекке Мэнни Пакьяо өзінің бұрынғы бапкері Фредди Роучтың қарамағында жаттығады.

Текст: Sadvakas Maikibayev