2018 әлде 2019 – Джошуа мен Уайлдер айқасын қашан көреміз?
Бүгінгі әлем боксы тек Головкин мен Канело текетіресінен тұрмайды. Бұдан басқа да қызықты жекпе-жектер жетерлік. Солардың бірі британдық Энтони Джошуа мен америкалық Уайлдер айқасы. Алыптар салмағында үстемдік құрып тұрған бұл екеуі шаршы алаңда қашан жолығар екен?
Джошуаның IBF белбеуін тағып келе жатқанына екі жылдан асты. Одан кейін өткен жылдың сәуірінде Владимир Кличкодан WBA белбеуін тартып алып, ІВО белбеуін «сыйлыққа» алды. Биыл Джозеф Паркерден WBO белбеуін шешіп алды. Енді тағы бір белбеу болса, аса ауыр салмақ дәрежесіндегі абсолютті чемпион болмақ. Бірақ, басты белбеу Деонтей Уалдерге тиесілі. 2015 жылдың қаңтарында Дүниежүзілік бокс кеңесінің чемпионы атанған америкалық алып содан бері атағын жеті рет қорғады. Енді жанкүйерлер Джошуа мен Уайлдердің айқасын тағатсыздана күтіп жүр.
Бұл текетірестің оты тұтанғанына бірнеше айдың жүзі болды. Джошуа Паркерді жеңгелі бері айтылып келе жатқан әңгіме. Тіпті, Головкин мен Канелоның айқасынан да артық күтіп жүргендер бар. Бірақ, қос тарап бір-бірімен әлі кездесе алмай келеді. Деонтей Америкаға, Энтони керісінше Ұлыбританияға шақырып әлек. Тіпті, Америкаға әкелу үшін Уайлдер 50 миллион доллар да ұсынған. Британдық бас тартып, өзінің қарсы ұсынысын жолдады. Уайлдер келісті. Алайда, әлі уақыты нақтыланған жоқ. Әу баста қыркүйекке жоспарланған екен. Дегенмен, PPV жөнінен Альварес пен Головкинннің айқасына бәсекелес бола алмайтындықтан Джошуаның промоутері Эдди Хирн алыптардың жекпе-жегі жылдың соңына қарай өтуі мүмкін екендігін айтты.
Алайда, биыл өтпеуі де ғажап емес. Өйткені, Хирн америкалықтармен қатар ресейліктермен де келіссөздер жүргізіп, Александр Поветкинді шаршы алаңға шақырып жатыр. Мұндай жағдайда Уайлдер жылдың соңына таман Доминик Брейзалмен жұдырықтасып, Джошуа екеуінің жекпе-жегі келесі жылдың алғашқы жартысына қалдырылуы әбден мүмкін.