2017 жылдың ең үздік телекөрсеткіштері – Головкин қалай үздік ондықтан тыс қалды?

2017 ж. 27 желтоқсан
2017 жылдың ең үздік телекөрсеткіштері – Головкин қалай үздік ондықтан тыс қалды?

ESPN телеарнасы 2017 жылғы айқастардың үздік телекөрсеткіштерін жариялады. Тізімде қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің екі жекпе-жегі де үздік ондықтан тыс қалды. Не үшін? Себебін анықтап көруге тырыссақ.

Nielsen Media Research зерттеу компаниясының мәліметтеріне жүгінген ESPN телеарнасының хабарлауынша, тегін теретаратылым бойынша 2017 жылы ең көп аудиторияны америкалық Теренс Кроуфорд пен доминикандық Феликс Диас болыпты. Нью-Йорктің «Мэдиссон сквер Гарден» кешенінде жартылай орта салмақтағы WBC және WBO чемпиондық белбеулерін сарапқа салған бұлардың жекпе-жегін көру үшін теледидар алдына орта есеппен 961 мың көрермен жиналыпты.

Екінші орында Мигель Коттоның қоштасу жекпе-жегі тұр. Пуэрто-риколықтың америкалық Саддам Алиден қалай жеңілгенін көру үшін АҚШ-та теледидарды 944 мың адам қосыпты.

Үшінші орында америкалық боксшылар Майки Гарсия мен Адриен Бронердің жекпе-жегі тұр. Бруклинде өткен бокс кешінің осы айқасын тамашалау үшін экран алдына 961 мың көрермен жиналған.

Ал Головкин бұл тізімде небәрі 11-ші орында. Наурыздың 18-інде Нью-Йоркте өткен Дэниел Джейкобсқа қарсы жекпе-жегінің PPV көрсетілімінен кейінгі тегін трансляциясын теледидардан 761 мың көрермен тамашалаған. Сондай-ақ, «Жыл жекпе-жегіне» баланған қыркүйектегі Головкин – Альварес «триллері» экран алдына 726 мың адам жинап, рейтингте бар болғаны 17-орынға тұрақтаған.

Бұл жерде Nielsen Media Research компаниясы тек АҚШ-тың ақылы телеарналарының мәліметтеріне жүгінген және тегін арналар мен pay-per-view сатылымдар есепке алынбаған.

Дегенмен, мына рейтингтен кейін қалайша жылдың басты жекпе-жегі рейтингте небәрі 17-орында деген сұрақ туындайтыны түсінікті. Біріншіден, Головкин мен Альварес арасындағы айқастың PPV сатылымы 1,3 миллионды құраған. Яғни, бокс жанкүйерлерінің біразы жекпе-жекті тікелей эфирден көріп қойған. PPV көрсетілімінен кейінгі тегін трансляциясы тек қайталау ретінде берілді. Нәтижесін біліп алғаннан кейінгі көрсетілім кімге қызық? Екіншіден, бұл жекпе-жектің PPV бағасы 70 пен 80 доллардың арасын құраған. Ал Головкин мен Джейкобстың жекпе-жегінің PPV бағасы біраз арзандау тұрды, яғни 55 доллар. Оның үстіне, наурыздағы айқасты ақылы тікелей эфирден 170 мың көрермен тамашалаған. Нақты айтсақ, тікелей эфирден көре алмай қалған америкалықтар көп. Сондықтан, бұл жекпе-жектің тегін қайталауының көрсеткіші жоғары.

Бірақ, бір қызығы, «Жылдың басты жекпе-жегі» Сауль Альварес пен кіші-Хулио Сезар Чавес арасындағы «мексикалық дуэльден» 40 мыңға аз көрермен жинаған.

Текст: Sadvakas Maikibayev