Жәнібектің келесі қарсыласы анықталды ма: Этиноса Олиха деген кім?

IBF тұжырымы бойынша орта салмақтағы іріктеу жекпе-жегін ұйымдастыру құқығы үшін өткен промоутерлік аукционда америкалық Остин Уильямстың (18-1, 12 KO) командасы жеңіске жетті. Оның қарсыласы – жеңіліссіз келе жатқан италиялық боксшы Этиноса Олиха (21-0, 9 KO).
Matchroom Boxing өкілдерінің 233 333 доллар (шамамен 120 миллион теңге) көлеміндегі ұсынысы немістің Agon Sports компаниясының 215 313 долларлық ставкасын басып озды.
Соның нәтижесінде Уильямстың промоутерлері жекпе-жекті өткізуге толық құқық алды. Жекпе-жектің нақты күні мен өтетін орны кейінірек хабарланатын болады.
Айта кетейік, Уильямс пен Олиха арасындағы жеңімпаз IBF нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағына міндетті үміткер атанады. Бұл титул қазіргі таңда қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлына (17-0, 12 KO) тиесілі.
Еске салсақ, Жәнібек Әлімханұлы WBO белбеуінің де иегері. Сәуір айының басында ол Астанада өткен жекпе-жекте француз Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 KO) нокаутпен жеңіп, қос титулын сәтті қорғаған болатын.
Этиноса Олиха деген кім?
Этиноса Годвин Олиха — италиялық кәсіби боксшы, орта салмақта өнер көрсетеді. Ол 1998 жылы 13 маусымда Италияның Турин қаласында дүниеге келген, ата-анасы Нигериядан қоныс аударған. Қазіргі уақытта Асти қаласында тұрады және бойы 185 см.
Олиха 2018 жылы кәсіби мансабын бастады және осы уақытқа дейін 21 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті, оның 9-ы нокаутпен аяқталған . Ол "El Chapo" лақап атымен танымал.
Ол 2023-2024 жылдары Халықаралық бокс ұйымының (IBO) орта салмақтағы әлем чемпионы атағын иеленді . Сондай-ақ, IBF International және WBO Intercontinental белбеулерінің иегері.
2024 жылдың қыркүйегінде Берлинде өткен IBF іріктеу жекпе-жегінде Александр Павловты жеңіп, орта салмақтағы үздік боксшылардың бірі ретінде танылды.
2025 жылы IBF орта салмақтағы чемпиондық атағына үміткер ретінде Остин Уильямспен жекпе-жек өткізу жоспарлануда.
Олиха — қазіргі таңда орта салмақтағы ең перспективалы боксшылардың бірі, оның мансабы белсенді дамып келеді.