​Жәнібек Әлімханұлының бокс кеші: Жекпе-жекке тағы кімдер шығады?

2024 ж. 10 шілде
​Жәнібек Әлімханұлының бокс кеші: Жекпе-жекке тағы кімдер шығады?

RingKZ порталы 13 шілдеде Лас-Вегаста өтетін бокс кешінің негізгі қатысушылары туралы мәлімет ұсынады. Айта кетейік, бұл кештің басты жекпе-жегінде Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы IBF және WBO нұсқа бойынша әлем чемпионы атағын қорғайды.

Джонатан Лопес – Леонардо Падилла

Америкалық Джонатан Лопестің (15-0, 11 КО) жасы небәрі 21-де болса да, қазірдің өзінде өте биік деңгейге жетіп үлгерді. Қазіргі уақытта Джонатан жеңіл салмақтағы (57 келіге дейін) WBA және IBFсияқты екі беделді нұсқа бойынша үздік 15 боксшының қатарына кіреді. Сонымен қатар ол IBF рейтингінде 5-орынға көтерілді.

Кәсіпқой рингте Лопес 2020 жылдың қараша айынан бастап өнер көрсетеді. Сол кезден бері белсенді түрде жекпе-жек өткізіп келеді. Мысалы Джонатан осыған дейінгі жекпе-жегін екі айдан аз уақыт бұрын өткізген еді. Ол 18 мамырда мексикалық Эдгар Ортеганы (14-3-2, 7КО) нокаутқа жіберген болатын. Ал қазір оған қарсы тәжірибелі әрі ысылған Леонард Падилла (23-5-1, 16 КО) қарсы тұрмақ.

Венесуэладан келген бұл боксшы мәртебелі кештердің негізгі кардында бірнеше рет жарқырап шығып үлгерді. Мысалы алдыңғы кездесуінде 10 раундтық жекпе-жекте америкалық Джереми Хиллден (19-3-1, 12 КО) тең нәтижені жұлып алды. Сол кезде есеп 95:95: 96:94; 94:96 болған еді.

Рубен Вилла– Сулейман Сегава

Жеңіл салмақтағы (57,2 келіге дейін) бұл жекпе-жекте, назар, ең алдымен, Рубен Виллада (22-1, 7 КО) болады.

Бұл америкалық боксшы 27 жаста. Ол BoxRec беделді статистикалық порталының үздік ондығына кіреді. Рубен рейтинг бойынша өз салмағында 9-орында тұр. Сонымен қатар BoxRec оны барынша жоғары, яғни 5 жұлдызды шкала бойынша 4,5 жұлдызға бағалайды. Ал 13 шілдеде Лас-Вегаста 33 жастағы Уганда боксшысы Сүлейман Сегаваны (16-4-1, 6 КО) жеңсе, ол жұлдызды боксшылардың тағы біреуін артта қалдыратыны сөзсіз.

Виллаға назар аударудың тағы бір мықты дәлелі – оның осыған дейін әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізгені. Сол кезде ол үміткер ретінде қайдағы біреумен емес, атақты да беделді Эмануэль Наварретенің (38-2-1, 31 КО) өзімен қолғап түйістірген болатын. Бәсекеге толы жекпе-жек 112:114; 112:114; 111:115 есебімен аяқталған еді.

Рэймонд Мураталья – Тевин Фармер

13 шілдеде Лас-Вегаста өтетін бокс кешінің басты айқасына дейін рингке жеңіл салмақтағы (61,2 келіге дейін) боксшылар шығады. Кештің көркін АҚШ-тың екі боксшысы, 27 жастағы Раймонд Мураталья (20-0, 16 КО) мен 33 жастағы Тевин Фармер (33-5-1, 8 КО) қыздырады.

Сөз жоқ, Мураталья әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жекке жақындаған ең үздік боксшы. Жоғарыда айтылғандарды растау үшін айта кетейік, мысалы, ол қазіргі уақытта екі беделді нұсқа бойынша (WBC және WBO) үміткерлер рейтингінде екінші орында келеді.

Алайда Тевин Фармерді де мерзімінен бұрын есептен шығаруға еш болмас. Айтпақшы 2018-2020 жылдар аралығында ол 59 келіге дейінгі екінші жеңіл салмақтағы IBF әлем чемпионы болған. Ал титулды жоғалтқаннан кейін Тевин әлі бірде-бір жеңілген жоқ. Сондай-ақ 33 жастағы боксшы дәл қазір бабында, тәжірибесі мол және өте белсенді. Мұратальямен жекпе-жек Фармер үшін 2024 жылғы екінші жекпе-жек болмақ.

Жәнібек Әлімханұлы - Андрей Михайлович

Ал Лас-Вегастағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 КО) орта салмақтағы IBF чемпионы атағын бірінші рет және WBO белбеуін төртінші рет қорғауға шығады.

«Жігіттер, сенбінің түнінде жылдам нокаут болады, Иншаалла. Сондықтан жекпе-жектен кейінгі кешіңізді жоспарлай беріңіздер», - деп қысқа қайырды Жәнібек.

Лас-Вегаста 31 жастағы қазақстандық 26 жастағы Андрей Михайловичпен (21-0, 13 КО) кездеседі. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Санкт-Петербургте туған Андрейді 1,5 жасында Жаңа Зеландиядан келген отбасы асырап алған.

Михайлович IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына міндетті үміткер саналады. Дегенмен Жәнібектің осыған дейінгі өзге қарсыластары сияқты ол да орта салмақтағы үздік боксшылардың қатарына кірмейді. Ол сондай-ақ көпшілікке белгісіз, өйткені ол барлық алдыңғы шайқастарын Австралияда және туған жері Жаңа Зеландияда өткізді. Михайлович өзінің соңғы жекпе-жегін жақында өткізіп, осы жылдың сәуір айында қарсыласын кездесудің 2-минутында нокаутқа жіберген еді.

Сонымен толық кард келесідей:

Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 KO) — Андрей Михайлович (21-0, 13 KO)

Рэймонд Мураталья (20-0, 16 KO) — Тевин Фармер (33-5-1, 8 KO)

Рубен Вийя (22-1, 7 KO) — Сулейман Сегава (16-4-1, 6 KO)

Джонатан Лопес (15-0, 11 KO) — Леонардо Падийя (23-5-1, 16 KO)

Чарли Шихи (9-0, 5 КО) — Рикардо Кирос (13-4, 7 КО)

Арт Баррера, мл. (5-0, 4 КО) — Хавьер Майорал (6-5-1, 1 КО)

Хавьер Самаррон (8-0, 4 КО) — Майкл Бракамонтес (9-1-1, 5 КО)

Исраэль Меркадо (10-1-1, 7 КО) — Дондрелл Хейнс (8-1, 7 КО)