Жанат Жақиянов былғары қолғабын мамық креслоға алмастырды
Василий Жиров, Марат Мәзімбаев, Геннадий Головкиндерден кейін әлем чемпионы атағына қол жеткізген жампоздарымыздың бірі Жанат Жақиянов кәсіпқой бокспен қоштасты. Шамасы, Жақиянов былғары қолғабын мамық креслоға алмастыруды жөн көрген секілді.
Бұл туралы әуелі Францияның L’Equipe басылымына берген сұхбатында боксшының менеджері Филип Фондю мәлімдеді. Оның айтуынша, Жанатқа Қазақстанда спорт басқармасынан жақсы басшылық қызмет ұсынылған екен. Боксшының Қызылжардың тумасы екенін ескерсек, әңгіме Петропавлдың спорты жөнінде екенін түсіну қиын емес шығар.
Әлбетте, біз боксшының өмір жолына әлі де тоқталармыз. Дегенмен, неліктен былғары қолғабын тым ерте шешу туралы шешім қабылдағанын түсіне алмай отырғанымыз. 34 жас дегенің боксшы үшін аса егде де жас емес қой. Бұрынғы абыройын ескерсек, әлі де чемпиондық айқастарға ұмтылуға болар еді емес пе? Ал басшылық қызметке кейін де барса кеш болмас еді. Қалай болған күнде де біз Жанат Жақияновқа сәттілік тілейміз! Бәлкім, Қызылжардан жаңа Жақияновтардың өсіп шығуына енді атқамінер ретінде атсалысар.