Өзбек боксшысы Хасанбой Дусматов екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды
Париждегі жазғы Олимпия ойындарында бокстан Өзбекстан құрамасының өкілі Хасанбой Дусматов өз елінің тарихында тұңғыш рет екі дүркін Олимпиада жеңімпазы атанды. 51 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын Дусматов финалда шаршы алаң иесі франциялық Биллаль Беннаманы айқын басымдықпен жеңіп, сегіз жылда екінші рет Олимп шыңына шықты.
Дусматов Олимпиададағы бәсекесін 1/8 финалдан бастап, алғашқы айналымда Пуэрто-Рико өкілі Хесус Хуанма Лопеспен жұдырықтасты. Бұл өзбек боксшысының Париж шаршы алаңындағы алғашқы кездесуі болған соң ба, жанкүйерлерге ұнайтын ерекше жекпе-жегін көрсете алмады. Дегенмен, төрешілер бұл айқаста Хасанбой айқын басымдық танытты деп, 5:0 есебімен жеңісті оған берді.
Ширек финалда ол отандасымыз, 2021 жылы әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосыновпен кездесті. Екі боксшы да бір-біріне лайық қарсылас болған соң, жекпе-жек өте тартысты өтті. Жартылай финалға шығу үшін екі боксшы да аянып қалған жоқ. Бірі Олимпиаданың ек дүркін чемпион атану үшін, екіншісі үш жыл бұрынғы қоласын алтынға айырбастау үшін келген еді. Жан алысып, жан беріскен айқаста төрешілер аздаған басымдықпен өзбек боксшысы жеңіске жетті деп есептеді. Қорытынды есеп – 3:2.
Ал жартылай финалда Кабо-Верде боксшысы Давид де Пинаны еш қиналмай жеңіп (5:0), екінші мәрте Олимпия ойындарының финалына шықты. Ал бас жүлде үшін айқаста оны жарыс қожайыны, шаршы алаң иесі франциялық Биллаль Беннама күтіп тұрған еді.
Әр жекпе-жек сайын өзінің техникасын, шеберлігін шыңдап келген Дусматов финалда барын салды. Өйткені көпшілік бокс мамандары Биллаль Беннаманы Олимпиада чемпионы болады деп болжаған. Бірақ Хасанбой үшін Биллаль біздің Сәкен Бибосынов сияқты азулы қарсылас емес еді. Өйткені осыдан бір жыл бұрын Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатының финалында дәл осы өзбек пен француз боксшысы жұдырықтасып, Хасанбой қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберіп, Беннамадан басым түскен еді. Финалда франциялық боксшы сол есесін өз жерінде қайтаруға тырысып, белсенді жұдырықтасқан еді. Бірінші раунда бес төрешінің екеуі Беннама басым болды деп есептесе, екінші және үшінші раундта тағы бір-бір төреші басымдықты франциялық боксшыға берді. Бірақ қорытынды есепте әлем және Олимпиада чемпионын жеңе алмады. Бұл жолғы жекпе-жек те Хасанбойдың айқын басымдығымен аяқталды – 5:0.
Осылайша, Дусматов екі дүркін Олимпиада чемпионы атанып, өзбек боксының қаһарманына, өзбек боксының аңызына айналды. Себебі бұл уақытқа дейін Өзбекстаннан қаншама дарынды, талантты боксшылар шықса да, олардың ешқайсысына Олимп шыңын екі рет бағындыру бақыты бұйырмаған еді. Ал Дусматов сол жетістікке бірінші болып жетті.
Хасанбой Дусматовтың әуесқой бокста бағындырмаған биігі қалмады. Ол әлем чемпионаты мен Азия ойындарында бір-бір мәртеден жеңімпаз атанды. Азия чемпионатында үш мәрте теңдессіз боксшы деп танылды. Лдан бөлек, Универсиада бәсекесінде де топ жарды. 2016 жылғы Олимпиадада техникасы ең мықты боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогын алды.
Өзбек боксшысы қазіргі таңда әуесқой бокспен қатар, кәсіпқой бокста да жұдырықтасып жүр. Ең жеңіл салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын (47,6 кг) 31 жастағы боксшы бүгінде WBA титулына міндетті үміткер.
Бір айта кетерлігі, Дусматов екі Олимпиаданың ширек финалда қазақ боксшыларын жеңіп, чемпион атанып отыр. 2016 жылғы Рио Олимпиадасының ¼ финалында Біржан Жақыповты 3:0 есебімен қапы қалдырса, Париж шаршы алаңының ширек финалында Сәкен Бибосыновты жарыс жолынан шығарды. Өзбек боксшының кесірінен екі боксшымыз да Олимпиаданың жүлдесінен қағылған еді.