World Boxing Super Series – бұл жобаның ғұмыры қаншалықты ұзақ болмақ?

2018 ж. 4 маусым
World Boxing Super Series – бұл жобаның ғұмыры қаншалықты ұзақ болмақ?

Дүниежүзілік бокс супер сериясы шарықтау шегіне жетіп, алда тек ақтық айқастар қалғанымен турнирдің соңы «сиырқұйымшақтанып» кетті. Биыл мамыр айында аяқталуы тиіс бәсекенің қара күзге дейін созылатын түрі бар. Бүйте берсе жобадан еш қызық қалмауы да мүмкін.

Бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі украиналық Александр Усик пен ресейлік Мурат Гассиев арасындағы айқас футболдан Әлем чемпионатынан кейін 22 шілде күні өтетіні белгілі болды. Ал екінші орта салмақтағы Джордж Гроувз бен Каллум Смиттің финалдық жекпе-жегі қыркүйекке қалған секілді. Иә, негізі мамыр айында аяқталуы тиіс болған турнирдің бұлайша созылып кетуі Дүниежүзілік бокс супер сериясына абырой әпермесі анық. Алда әлі жобаның екінші маусымы бар екенін ескеруіміз керек.

Әлбетте, мұндай турнирлер көрермендер мен жанкүйерлер үшін өте қызық. Өйткені, әдетте бір-бірімен кездескісі келмейтін немесе қаржы бойынша келісе алмай жүрген чемпиондар бұл жобада бәрібір өзара жұдырықтасуы тиіс болады. Абсолютті чемпионды анықтағанға да жақсы. Мәселен, биыл бірінші ауыр салмақ дәрежесінде Гассиев пен Усиктің қай жеңгені барлық белбеулерді біріктіреді.

Дегенмен, мұндай жобаның кемшіліктері де жоқ емес. Мәселен, қандай да бір боксшы жарақат алып қалар болса, оның орнын ұтылып қалғандардың біреуі немесе тіптен басқа боксшы басады. Мысалға биыл екінші орта салмақта ширек финалда америкалық Роб Брантты жеңген неміс Юрген Бремер жарақатына байланысты жалғастыра алмады да, оның орнын голландиялық Ники Хольцкен басты. Сондай-ақ, дәл осы салмақтың финалистері туралы мәселе де басы ашық күйде біраз тұрды. Тек соңғы сәтте Джордж Гроувз жарақатынан айығып үлгеріп, финалда Мұхаммед Әли кубогына таласуға құқы алды.

Міне, осындай кедергілер көп. Сондықтан, бәрі де фортунаға байланысты. Егер сәттін салса, турнирдің рейтингі де мықты болады. Бірақ, дәл қазіргі жағдайда кедергілердің көп екенін байқаймыз.

Жалпы, World Boxing Super Series секілді жобалар бұған дейін де болған. Мәселен, 2009-2011 жылдар арасында «Showtime» телеарнасы орта салмақ дәрежесінде Super Six World Boxing Classic жобасын ұйымдарған. Қанша жерден керемет деңгейде өткенімен жоба бір-ақ маусымға созылды. Сондай-ақ, ESPN телеарнасы ұйымдастырған Boxcino 2014 жобасының да ғұмыры ұзақ болмады. Дүниежүзілік бокс супер сериясын не күтіп тұр екен.

 

Текст: Sadvakas Maikibayev