WBSS финалы өтпеуі мүмкін. Бұған саясаттың қатысы бар ма?

2018 ж. 15 маусым
WBSS финалы өтпеуі мүмкін. Бұған саясаттың қатысы бар ма?

Шілденің 21-іне жоспарланған Дүниежүзілік бокс супер сериясының финалы өтпей қалуы әбден мүмкін. Бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі Мурат Гассиев пен Олександр Усик өзара келісе алмай әлі жүр.

Ресейлік ақпарат құралдарында осы тектес жаңалықтар өріп жүр. Ал кешелі бері Мурат Гассиевтің промоутерлері Эндрю Табитимен келіссөздер жүргізе бастағаны туралы ақпараттар тарай бастады. Бұған себеп – Усик пен Гассиев командаларының өзара келісе алмай жатқандығында көрінеді. Нақты айтқанда, украиналықтар WBSS финалының Ресей жерінде өткенін қаламайды. Басқа бейтарап жерде өткізуді көздейді.

Міне, осыған байланысты Мурат Гассиевтің промоутерлері Эндрю Табитимен келіссөздер жүргізе бастапты-мыс. Егер Усикпен келісе алмаса, 21 шілде күні Гассиев Сочиде Табитимен текетіресуі әбден мүмкін екен.

Алайда, бұл ақпаратқа аса сеніңкіремей де отырмыз. Өйткені, америкалық боксшы кәсіпқой бокстағы соңғы жекпе-жегін өткен айда ғана өткізген. Шілдеге дейін қайта бабына келуі өте қиын болады.

Шынтуайтына келгенде боксшыларға бәрібір ғой. Олар айда болса да айқасуға дайын. Алайда, бокс әлемі көп жағдайда промоутерлердің қолында. Бұл тұрғыда Усиктің қолдаушыларының бірі ағайынды Кличколар екені де баршамызға мәлім. Бүгінде Киев қаласының мэрі қызметін атқаратын Виталий Кличко бұл жекпе-жектің Ресейде өтуіне жол беріп қойса, саясаттағы бақталастары мұны өзіне қарсы қолданатынын жақсы біледі. Сондықтан, айқастың Сочиде өтуіне қарсы болатындардың бірі Киев мэрі болуы да мүмкін.

Бірақ, мұның барлығы біздің долбарымыз ғана. Қай жерде болмасын, WBSS финалы Олександр Усик пен Мурат Гассиев арасында өтеді деп сенеміз. Өйткені, бұл турнир. Мұнда келіспей қалдым деген сылтау қабылданбайды. Оның үстіне, екі боксшыда да екі-екі белбеуден бар. Қалайда ауыр салмақтың абсолютін анықтаулары тиіс. Өз кезегінде Олександр Усик Ресейге баруға дайын екендігін мәлімдеді. Instagram желісінде тікелей эфирге шыққан боксшы жанкүйерлерінің сұрағына осылай жауап берді:

– Шабаданым жинаулы. Әлемнің қай түкпіріне болса да, баруға дайынмын. Маған керегі Мураттағы екі чемпиондық белбеу. Оның үстіне, жеңімпазды Мұхаммед Әли кубогы күтіп тұр. Мен Ресейге барудан қорқыпаймын. Жекпе-жектің өтетін орнын анықтай алмай жүрген мен емес, басқалар. Бар кінәні маған арта салуда.

Текст: Sadvakas Maikibayev