WBSS екінші маусымы – Жеңімпаз Усикпен кездесе ме?

2018 ж. 30 тамыз
WBSS екінші маусымы – Жеңімпаз Усикпен кездесе ме?

Дүниежүзілік бокс супер сериясының бірінші ауыр салмақ дәрежесінде алғашқы жұптар анықталды. Ширек финалдан басталатын турнир келесі жылдың жазында мәресіне жетеді.

Естеріңізге сала кетейік, WBSS жобасының бірінші маусымында да бірінші ауыр салмақ дәрежесі бойынша турнир өткен. Сонда барлық белбеулерді украиналық Олександр Усик біріктіріп, The Ring чемпиондық атағына да ие болған. Екінші турнир украиналықсыз өтеді. Яғни, бұл жолғы жобада Мұхамед Әли кубогынан басқа атақтар сарапқа салынбайды. Сондықтан шығар, көпшілік бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі бұл турнирді былтырғыдай Чемпиондар лигасы емес, Еуропа лигасы деп атап жүр. Дегенмен, ұйымдастырушылар бұл жолғы турнирді де өте қызықты болады деп уәде беріп отыр.

– Өте мықты құрам жинап отырмыз. Қызықтылығы жөнінен былтырғы бәсекеден кем түспейді деп отырмыз. Бірінші ауыр салмақ – ең қызықты дивизиондардың бірі. Былтырғы турнир де өте тартысты өткен. Сондықтан, биылғысын асыға күтіп отырмыз, – деді WBSS жобасының ұйымдастырушысы Калле Зауэрленд.

Расымен де, кейбір мамандар екінші маусымнан да ерекше жаңалық күтіп отыр. Маусым жеңімпазы ең соңында Олександр Усикпен кездеседі деген де үміт бар. Ал ширек финалда өзара кездесетін боксшылар мыналар:

Майрис Бриедис (24-1,18 КО, Латвия) — Ноэль Микаэлян (23-1, 10 КО, Германия)

Юниер Дортикос (22-1, 21 КО, Куба) — Матеуш Мастернак (41-4, 28 КО, Польша)

Кшиштоф Гловацки (30-1, 19 КО, Польша) — Максим Власов (42-2, 25 КО, Ресей)

Руслан Файфер (23-0, 16 КО, Ресей) — Эндрю Табити (16-0, 13 КО, АҚШ).

Текст: Sadvakas Maikibayev