WBA Asia белдігі үшін өтетін жекпе-жектің төрешісі туралы не білеміз?
RingKZ порталы қазақстандық боксшы Руслан Мәдиев пен таиландтық Киттисак Клинсономиз арасындағы жекпе-жекке қатысты бірқатар мәліметті назарларыңызға ұсынады.
Сәйкестік емес пе?
21 қыркүйекте Алматыда өтетін бокс кешінің басты оқиғасы қазақстандық Руслан Мәдиев (15-2, 6 КО) пен таиландтық Киттисак Клинсон (8-1, 5 КО) арасында өтетіні белгілі. Жартылай орта салмақтағы жекпе-жекте WBA Asia чемпиондық белдігі сарапқа салынады.
Титулдық айқаста таиландтық төреші Чалерм Прайадсаб төрелік етеді. Маңызды жекпе-жекке бұл маман кездейсоқ таңдалған жоқ. Өйткені бұл жағдай WBA Asia басшылығымен талқыланып, ресми мақұлданды. Яғни төрешілерді Алматыдағы бокс кешін ұйымдастыратын ресми өкілдер таңдамайды.
Төрт жекпе-жектің үшеуі!
Ringkz порталы таиландтық Чалерм Прайадсабдың төрешілік еткен жекпе-жектерін қарап шығып, қызықты мәліметке тап болды. Биылғы жылдың статистикасына мұқият зер салсаңыз, Чалерм Прайадсаб Киттисак Клинсон жұдырықтасқан төрт жекпе-жектің үшеуінде (!) жұмыс істеген. Бұған кәсіби бокстағы ең беделді және статистикалық мәліметтерді жүргізетін BoxRec порталынан да көз жеткізуге болады.
Чалерм Прайадсаб Клинсонның 3 ақпанда, 2 наурызда және 6 сәуірде өткен жекпе-жектерінде төреші болған. Осы жекпе-жектің бәрінде Киттисак қарсыласынан ұпай санымен басым түскен. Ал Чалерм Прайадсаб оған барлық раундта (!) жеңісті беріп отырған.
Жоспарлы қолдау ма?
Бұл жерде Киттисак Клинсонның мамыр айында өткен чемпиондық жекпе-жегін еске түсіру артықтық етпейді. Қытайда жергілікті боксшымен өткен кездесуде оның басқа жерлесі Проммасе Чакшуракша төрешілік еткен.
Бұған дейін ол биыл тағы бір тай боксшысының жекпе-жегінде жұмыс істеген. Чакшуракшидің пікірінше, таиландтық боксшы сол айқаста 98:91 есебімен жеңіске жетсе, сол кездесуде жұмыс істеген қытайлық екі төреші жекпе-жек әлдеқайда тартысты өтті деп есептеп, 95:94 есебін тіркеген (бірі жеңісті тай боксшысына, екіншісі қытайлық боксшыға берген).
Чалерм Прайадсаб – өте тәжірибелі төреші. Сондай-ақ ол 1990 жылдан бастап бүгінге дейін 30-дан аса жекпе-жекке жұмыс істегенін айта кеткен жөн. Егер кейінгі 5-6 жылдағы жұмысын қарайтын болсақ, ол тек Таиландта ғана емес, сонымен қатар Жапония, Корея, Макао, Қытай, Вьетнам, Біріккен Араб Әмірліктері, Аустралия және Ресейдегі бокс кештерінде төреші болған.
Жалпы, Чалерм Прайадсаб өз ісін өте жақсы білетін маман!