Сәкен Бибосынов ширек финалға шығып, сұлу қызымыз сүрінді
Бүгін күндізгі сессияда біздің қыз-жігіттерімізден бірінші болып, Амман рингіне Ангелина Лукас шығып, ұтылып қалды. 51 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен қызымыз Таиланд аруы Ютамас Джитпогқа есе жіберіп алды (1:4). Жекпе-жек өте тартысты өткенімен, тай қызы басымырақ болды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Римма Волосенко мен Дәметкен Келімбет ұтылып, лицензиялық турнирден тыс қалған...
Бұдан кейін шаршы алаңға ерлер арасындағы 52 келіде ел намысын қорғайтын Сәкен Бибосынов шықты. Ол қырғыз жігіті Азат Үсенәлиевпен жұдырық түйістірді. Қазақстан ұлттық құрамасының боксшысы бұл кездесуде өзінің деңгейі жоғарылау екендігін паш етіп, шалт қимылымен көзге түсті.
Сәкен қолының ұзындығын пайдаланып, қарсыласын алыстан ұрып отырды. Әрі соққыларын дөп тигізуге тырысты. Ең бастысы, Аммандағы алғашқы сынағынан сүрінбей өтті. Тек үшінші раундта қарқынын сәл бәсеңдетіп алғаны болмаса, тактикалық тұрғыда бапкерлерінің ой-жоспарларын жүзеге асырды. Есеп – 5:0 (29:28, 30:27, 30:27, 29:28, 29:28).