Шашу, шапан және чемпиондық ұран – Жанкүйерлер Айдар Шәрібаевті Алматы әуежайынан күтіп алды

2017 ж. 8 қараша
Шашу, шапан және чемпиондық ұран – Жанкүйерлер Айдар Шәрібаевті Алматы әуежайынан күтіп алды

Бүгін түнде АҚШ-тан Алматыға қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев ұшып келді. Мұхиттың арғы жағалауында жетінші жекпе-жегін нокаутпен аяқтап қайтқан Diаmond Ring боксшысын әуежайдан жанкүйерлер ұрандатып күтіп алды.

Түннің ортасына ауып қалғанына қарамастан әуежайға жиналған жанкүйерлердің қарасы өте көп болды. Бәрі де ағайын-туыстары мен боксшының жақын достары. Арасында бокстан еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, 2010 жылғы Азия чемпионатының үздігі Саида Хасенова мен «Жігіттер» тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов та бар. Жалпы, Айдарды күтіп алу үшін әуежайға 50-ден астам жанкүйерлер жиналып, боксшыны «Айдар – чемпион», «жарайсың, қазақ батыры» деген сынды ұрандармен қарсы алды. Ақ жаулықты әжелер жағы шашулатса, ақсақал қариялар Шәрібаевтың үстіне шапан жауып, жастар боксшыны аспанға көтерді.

– Шынымды айтсам, соңғы айқасымда қарсыласымды бірінші раундта-ақ құлатам деп ойлаған жоқпын. Өзімнің жеңісіме сенімді болғаныммен үшінші раундқа дейін апарамын деп ойлағам. Бірақ бәрін бір соққы шешті. Енді аз-кем демаламын да, жаттығуға қайта кірісемін. Жекпе-жексіз ұзақ жүргім келмейді. Оның үстіне, қазір маған америкалық НВО және ESPN сынды телеалпауыттар қызығушылық таныта бастады. Алла бұйыртса, келесі айқастарымды сол телеарналардың аясында өткізіп қалармын, – деп ағынан жарылды әуежайға жиналған журналистерге сұхбат берген Айдар Шәрібаев.

Естеріңізге сала кетейік, АҚШ-тың Майами қаласында 4 айға жуық оқу-жаттығу жиынын өткізген жерлесіміз соңғы жекпе-жегінде колумбиялық Даулис Прескоттпен жұдырықтасып, сегіз раундқа жоспарланған айқасты біріншісінде-ақ нокаутпен аяқтады. Жекпе-жек АҚШ-тың Киссими қаласында

Осы айқастан кейін Айдардың кәсіпқой бокстағы жекпе-жектерінің саны жетеуге жетіп, Diаmond Ring боксшысы бәрінде жеңіске жетіп отыр. Оның алтауында жерлесіміз қарсыластарын нокаутпен ұтқан.

Текст: Sadvakas Maikibayev