САРЫЛА КҮТКЕН ЖЕКПЕ-ЖЕККЕ САНАУЛЫ САҒАТТАР ҚАЛДЫ

2017 ж. 3 қараша
САРЫЛА КҮТКЕН ЖЕКПЕ-ЖЕККЕ САНАУЛЫ САҒАТТАР ҚАЛДЫ

Шәрібаевты шаршы алаңнан көргісі келетіндерге бұл жолы ақжолтай хабарды жеткізуге асыққан жоқ едік. Өйткені көңілде тағы да күдік болды.  Естеріңізде болса Айдар Шәрібаев өткен аптаның жексенбісінде Колумбиялық Карлос Падильямен жұдырықтасу керек болған. Алайда соңғы сәтте Карлостың денсаулығынан ақау тапқан дәрігерлер кездесудің өтуіне  рұқсат бермеген еді. Бұл әрине Айдарға ауыр соққы болды. Осындай келеңсіздіктердің жүйкеге қаншалықты салмақ түсіретінін спорттың басы қасында жүргендер жақсы біледі. Жанкүйерлерін жеңісімен қуантып, туған жерге тезірек жетіп, бала-шағасына деген сағынышын басуды көздеген Айдарға АҚШ та тағы біраз аялдауға тура келді.

Фото с сайта notifight.com

Айдардың бұл жолғы қарсыласы да Колумбиялық боксшы. Кәсіпқой рингке бірінші рет 2006-шы жылы көтерілген Дулис Прескотт қазір 31 жаста. Падильямен салыстырсақ,  Прескоттың жеткен жетістіктері, тәжірибесі тіпті әлемдік рейтингтегі көрсеткіші де жоғары. Ямайканың бокстағы бетке ұстары  Николас Уолтерспен кез-келген адам  қолғап түйістіре бермейді. Міне, Дулис Прескотт сол Уолтерспенде жұдырықтасып, әлем чемпионы болсам деген арманына бір табан жетпей қалған. Айдардың ертеңгі қарсыласы жайлы қысқаша ақпарат осы.

   Кеше Top Rank және All Star Boxing промоутерлік компанияларының ұйымдастыруымен ресми түрде салмақ өлшеу рәсімі өтті. Дулис Прескоттың бойы биік салмағы да сәл артықтау екен. Бірақ екі жақ келісім берген соң, артық салмаққа ешкім шүйліге қоймады. Ал мұхиттың арғы бетінде 4 ай бойы тер төгіп жүрген Айдар тарамыстай тырысып таразыға шыққанда-ақ   нағыз бабында екені байқалып тұрды.  Одан кейін дәстүр бойынша қарсыластар көзбен атысты. Бұл тұста жігіттер бір-біріне сыр алдырған жоқ. Енді кім мықтыны ертең шаршы алаң көрсетеді. Естеріңізге сала кетейік, Айдар Шәрібаев пен Колумбиялық Дулис Прескот арасындағы жекпе-жек  біздің уақытпен сенбінің таңында АҚШ-тың Киссимми қаласында өтеді.

Текст: Sadvakas Maikibayev