Руслан Мәдиев WBA Asia бокс ассоциациясының тағы бір марапатына ие болды
Қазақстандық танымал кәсіпқой боксшы, жуырда ғана жартылай орта салмақ дәрежесінде WBA Asia чемпиондық белдігін иеленген Руслан Мәдиев WBA Asia бокс ассоциациясының тағы бір марапатына қол жеткізді.
21 қыркүйекте Irfin promotion компаниясының ұйымдастыруымен өткен Алматыдағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде ресейлік Тигран Согоянмен (7-1-1, 4 КО) жекпе-жек өткізіп, 10 раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің шешімімен жеңіске жеткен Руслан Мәдиев (16-2, 6 КО) 66,7 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде WBA Asia чемпиондық белдігін иеленген болатын.
WBA Asia бокс ұйымы Руслан Мәдиевтің жетістігін жоғары бағалап, оны айдың үздік боксшысы деп таныды. Бұл шешім WBA Asia-ның ресми сайтында жарияланды. Аталған ұйым Орталық Азия, Тынық мұхиты, Евразия, Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Азия елдерін қамтиды.
Жерлесіміздің айдың үздік боксшысы деп танылуы – Алматыдағы титулды жекпе-жектің WBA Asia бокс ұйымының нұсқасы бойынша қыркүйектегі ең негізгі спорттық оқиға болғанын растаса керек. Сонымен қатар WBA Asia бокс ассоциациясының чемпиондары қатарына Қазақстанның өкілі де қосылып отыр.
WBA Asia ұйымы – кәсіпқой бокстағы басты төрт белдіктің бірі саналатын Халықаралық бокс ассоциациясының (WBA) құрамына кіреді. WBA Asia чемпиондық белдігіне ие көптеген боксшы қазіргі таңда өз салмақ дәрежелерінде WBA-ның ТОП-15 рейтингіне кіреді. Мысалы, ауыр салмақтағы (90,7 кг) ресейлік Алексей Папин (16-1, 15 КО), бірінші орта салмақтағы (69,9 кг) тәжікстандық Авзалбек Куранбаев (9-1-1, 7 КО), жеңіл салмақтағы (53,5 кг) таиландтық Юттапонг Тонгди (10-0, 5 КО), аса жеңіл салмақтағы (47,6 кг) филиппиндік Джой Каной (22-5-2, 14 КО) үздіктер қатарында тұр. Ал 19 жастағы Вьетнам өкілі Арвин Джо Пасионес (7-0, 4 КО) WBA бірінші жеңіл салмақта (49 кг) рейтинг бойынша екінші орынға көтерілді.
Жалпы, Руслан Мәдиев WBA Asia чемпиондық белдігін жай ғана иеленіп қоймай, чемпиондық атаққа талас жүргізетін үздік боксшылардың қатарына қосылды. Сондықтан, Мәдиевке енді қарқынды бәсеңдетпей, тәжірибелі және мықты қарсыластармен жекпе-жек өткізу қажет.
Егер отандасымыз жуырда жеңіп алған белдігін сәтті қорғайтын болса, онда ол WBA тұжырымы бойынша өз салмағындағы ТОП-15 боксшының қатарына енуі мүмкін. Дей тұрғанмен, Русланның WBA Asia белдігін иеленіп, айдың ең үздік боксшысы атануы чемпиондық жолдағы маңызды қадамдардың бірі екені белгілі.