ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ: Серік Қонақбаев Таиландта өнер көрсететін боксшылармен кездесті
Қазақстандық кәсіпқой боксшылардың алдағы Бангкоктағы жекпе-жектері – отандық бокстағы ең маңызды оқиғалардың бірі. Бұған дәлел ретінде даңқты боксшы Серік Қонақбаевпен кездесу болды.
Бокс - бұл өмір
Серік Қонақбаев – арнайы таныстыруды қажет етпейтін тұлға. Десе де оның әлем кубогының иегері, 1979 және 1981 жылдардың Еуропа чемпионыны екенін еске сала кетейік. Сондай-ақ 1980 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері. Бұдан бөлек 1982 жылғы әлем чемпионатының финалисі – ол кезде мұндай турнирлер 4 жылда бір рет өтетін.
1981 жылы ресми түрде әлемдегі ең үздік әуесқой боксшы деп танылды. Кейін Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының негізін қалаушы ретінде танымал болды. Жақында ғана Азия бокс конфедерациясының президенті және Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (АИБА) вице-президенті қызметтерін атқарды.
Қызығушылық еш азайған емес
Өмірі мен қызметі бокспен тығыз байланыста болғандықтан, Серік Қонақбаевтың боксқа деген қызығушылығы әлі де бәсеңдеген жоқ. Мұның дәлелі – оның 15 қаңтар күні Алматыда Бангкоктағы 1 ақпанда өтетін бокс кешіне дайындалып жатқан боксшылармен кездесуі.
Бұған дейін Ringkz.com порталы хабарлағандай, Таиланд астанасында 4 қазақстандық боксшы өзінің кезекті жекпе-жектерін өткізеді. Олардың екеуі қазір Алматыда дайындық үстінде. Атап айтқанда бірінші жартылай орта салмақта (63,5 келіге дейін) өнер көрсететін Нұрдос Төлебай (13-0, 10 КО) және орта салмақта (72,6 келіге дейін) сынға түсетін Армат Арманұлы (1-1).
Оқиға орнынан пікір
Нұрдос, Армат және олардың бапкері Асхат Уалихановпен жаттығу кезінде Серік Қонақбаевпен әңгімелесудің сәті түсті. Жігіттеріміз тірі аңызбен кездесіп қана қоймай, бірқатар кеңес те алып үлгерді.
– Бүгін жігіттер спарринг өткізді, олардың қазіргі формасын көру маған өте қызықты болды, – деді Серік Қонақбаев Ringkz.com порталына берген пікірінде.
– Көргендеріңізден қандай әсер алдыңыз?
– Жақсы әсер алдым. Бұған дейінгі көргеніммен салыстырғанда, олар шеберліктерін айтарлықтай арттырғаны байқалады.
– Жігіттерге қандай да бір кеңес бердіңіз бе?
– Әрине, бердім. Қол қусырып отыра алмадым (күледі). Өздеріңіз білесіздер, бокста «алдыңғы қол» деген ұғым бар, яғни боксшы шабуылын сол қолмен бастайды. Мен Арматқа алдыңғы қолмен жұмыс істегенде неге мән беру керегін айтып өттім.
– Ал Нұрдос Төлебайға қандай баға берер едіңіз?
– Нұрдос – жарады. Оның стилі – күшті және шабуылға бейім. Жақсы жұмыс істеп жатыр.
– Боксшыларды қарап отырып, салмақ қуу мәселесінің әлі де өзекті екенін байқауға болады…
– Ештеңе етпейді, бұл – қорқынышты емес. Әлі 1,5 аптадай уақыт бар. Боксшылар 1 ақпанда Бангкокта өтетін жекпе-жекке дейін бабына келуі керек.
Қазақстандық «десант»
Еске сала кетейік, 1 ақпанда Бангкокта өтетін бокс кешінде Нұрдос Төлебай ирандық Амирхоссейн Арзимен (2-0, 2 КО) рейтингтік жекпе-жек өткізеді, ал Армат Арманұлының қарсыласы пәкістандық Хабиб Ур Рехман (6-1, 5 КО) болады. Бұл жекпе-жектер сәйкесінше 8 және 6 раунд форматында өтеді.
Сонымен қатар, сол күні Таиланд астанасында тағы екі қазақстандық боксшы шаршы алаңға шығады. Руслан Мәдиев (16-2, 6 КО) жартылай орта салмақта (66,7 келіге дейін) WBA Asia нұсқасы бойынша титулын алғаш рет қорғау үшін филиппиндік Али Канегимен (11-1-1, 7 КО) жұдырықтасады.
Ал Елшат Нығметолла (20-1-, 7 КО) жеңіл салмақта (53,5 келіге дейін) WBA Asia нұсқасы бойынша ваканттық чемпиондық белбеу үшін индонезиялық Фласидус Нуноға (10-1-2, 8 КО) қарсы өнер көрсетеді.
Таиланд астанасындағы керемет кештің карды және ұйымдастыру жұмыстарымен, сондай-ақ қазақстандық боксшылар және олардың қарсыластарымен танысу үшін мына материалымызды оқуға кеңес береміз.