​Париж Олимпиадасы: Боксшылардың жеребесі тартылды

2024 ж. 27 шілде
​Париж Олимпиадасы: Боксшылардың жеребесі тартылды

Франция астанасы – Парижде XXXIII жазғы Олимпия ойындарының алауы тұтанады. Төрт жылдықтың басты додасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойынға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Ал Қазақстан құрамасы Олимпиадада спорттың 25 түрінен сынға түседі.

Кеше Парижде боксшылардың жеребе тарту рәсімі өтіп, қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің алғашқы қарсыласы белгілі болды.

Ерлер

51 кг: Сәкен Бибосынов

2021 жылғы әлем чемпионы және Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов алғашқы кездесуін 2024 жылғы Еуропа чемпионы түркиялық Самет Гумушпен өткізеді. Келесі кезеңге өтсе, Рио Олимпиадасының чемпионы Хасанбой Дусматовпен (Өзбекстан) жолығуы мүмкін. Сәкен 30 шілде күні шаршы алаңға көтеріледі.

57 кг: Махмұд Сабырхан

2023 жылғы әлем чемпионы Махмұд Сабырхан алғашқы айналымда 2023 жылғы Еуропа ойындарының және Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері 26 жастағы испаниялық Хосе Гуелес Бротонспен жолығады. Жекпе-жек 28 шілдеге жоспарланған. Ал ширек финалда әлем чемпионы Абдумалик Халоковпен (Өзбекстан) жұдырықтасады. Өзбек боксшысы алғашқы айналымда бос.

63,5 кг: Мұхамедсабыр Базарбайұлы

Ұлттық құрама сапынан Олимпия ойындарына жолдаманы ең соңғы болып иеленген Мұхамедсабыр Базарбайұлы Париждегі дүбірлі доданы бірінші бастайды. Ол 27 шілде күні Испания өкілі Ойер Ибарчемен жұдырықтасады. Бұл жұптың жеңімпазы 1/8 финалда Тайпей өкілі Лай Чу Енмен кездеседі.

71 кг: Асланбек Шымбергенов

Бокстан ұлттық құрама капитаны және Олимпиаданың ашылу салтанатында еліміздің Туын ұстап шығатын Шымбергенов 28 шілде күні бірінші кезеңде 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Иордания боксшысы Зейад Ишаишпен қолғап түйістіреді. 1/8 финалда әлем чемпионы Севон Оказавамен (Жапония) жолығады. Асланбек Жапония боксшысымен былтыр Қытайдағы Азия ойындарының финалында кездесіп, жеңіліп қалған болатын.

80 кг: Нұрбек Оралбай

Қазақстан құрамасы сапынан Олимпиадаға қатысатын егіз спортшылардың біріншісі Нұрбек Оралбай 1/16 финалда Аустралия спортшысы Каллум Петерспен қолғап түйістіреді. Жекпе-жек 28 шілдеде өтеді. Ал ширек финалда Әзербайжан немесе Мысыр боксшысымен, жартылай финалда Қытай қазағы Тоқтарбек Таңатқанмен кездесуі мүмкін. Былтыр Ташкентте өткен әлем чемпионатында Нұрбек Тоқтарбекті жеңіп, чемпион атанған еді.

92 кг: Айбек Оралбай

2018 жылы Аргентинада өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада топ жарған Айбек Оралбай ересектер арасында да чемпион болғысы келеді. Ол Париж шаршы алаңындағы алғашқы айқасын 28 шілдеде Нигерия боксшысы Олейтен Олаормен өткізеді. Ширек финалда 2 дүркін Олимпиада чемпионы Хулио Ла Круз (Куба) немесе әлем чемпионы Альфонсо Домингезбен (Әзербайжан) жолығуы мүмкін.

+92 кг: Қамшыбек Қоңқабаев

Аса ауыр салмақтағы ел үміті Қамшыбек Қоңқабаев Олимпиададағы бірінші жекпе-жегін 29 шілде күні испаниялық 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Аюб Джадфамен өткізеді. Ол басты бәсекелесі өзбекстандық Баходир Жалоловпен тек финалда ғана кездесуі мүмкін.

Әйелдер:

50 кг: Назым Қызайбай

Екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай 30 жасында алғашқы Олимпиадасына қатыспақ. Ол бірінші айналымда 2022 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері италиялық Джиордана Соррентиномен жұдырықтасады. Жекпе-жек 28 шілдеге жоспарланған. 1/8 финалда бұл жұптың жеңімпазы 2023 жылғы Пан Американ ойындарының чемпионы Каролин Де Алмейдамен жұдырық түйістіреді.

57 кг: Карина Ибрагимова

Әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, 2022 жылғы Азия чемпионы Карина Ибрагимова Олимпиададағы алғашқы айқасын 30 шілде күні Пуэрто-Рико боксшысы Лозада Мотта Ашлейанмен өткізеді.

75 кг: Валентина Хальзова

27 жастағы Валентина Хальзова Панама өкілі Азейна Билонмен жұдырықтасады. Бір айта кетерлігі, екі боксшы да әлем чемпионы атанған. Валентина 2016 жылы елордада өткен әлем біріншілігінде топ жарған болса, Азейна 2015 жылы үздік шыққан. Хальзова рингке 31 шілдеде шығады.