​Олимпиада-2024: Алтынға үмітті боксшы алғашқы айналымда сүрінді

2024 ж. 29 шілде
​Олимпиада-2024: Алтынға үмітті боксшы алғашқы айналымда сүрінді

Францияның бас шаһары – Парижде өтіп жатқан жазғы Олимпия ойындары қызған шағына еніп келеді. Алғашқы екі күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының спортшылары 1 алтын, 2 қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ ел қоржынына жүлде салады деген боксшылар да іріктеу сайыстарын бастап кетті. Өкінішке қарай, Олимпиаданың ашылу салтанатында ту ұстаған, ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов күтпегенде алғашқы айналымда жеңіліп қалды.

71 келі салмақта өнер көрсететін Асланбек Шымбергенов алғашқы айналымдағы жекпе-жегін иорданиялық Зеяд Ишаишпен өткізді. 25 жастағы иорданиялық боксшы 2018 жылғы Азия ойындарының қола, 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Зеяд өз елінде өткен сары құрлық бәсекесінің финалында Асланбекпен жұдырықтасып, төрешілердің аралас шешімімен отандасымызға жол берген еді. Париждегі Олимпиадада Зеяд Ишаиш Шымбергеновтен есе қайтарып, жерлесімізді жарыс жолынан ығыстырды.

Бірінші раундты төрешілер 3:2 есебімен Асланбекке берген. Екінші раундта да осы есеп сақталды. Ал үшінші раундта қарсылас белсенді қимылдап, жеңіске жетті. Осылайша, бокстан Қазақстан командасының бір мүшесі жарысты аяқтады.

Кездесуден кейін боксшы өз жеңілісінің себебін былай түсіндірді. «Бәрі ойдағыдай болатын. Рингке шығып, қолымыздан келетіннің бәрін жасадық. Аллаһтың қалауы сондай болып тұр екен. Көнеміз енді, не істейміз», - дейді Асланбек Шымбергенов.

Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов команда капитаны Асланбек Шымбергеновтің жеңілісіне қатысты пікір білдіріп, шәкіртінің айқын басымдық таныта алмағанын айтты.

«Қарсылас оңай емес. Оның алдында да бір-екі рет кездескен. Қарсыласын тоқтата алмады. Жеңісті 3:2 есебімен бізге де, қарсыласқа да беруге болады. Төрешілер ұпайдан қысты дей алмаймын. Жеңіске деген құштарлығы басым болғасын, иорданиялық спортшыға берді деп ойлаймын. Бұл – Олимпиада, сол үшін бәріне дайын болу керек», - деді Айтжанов ҰОК баспасөз қызметі берген сұхбатында.

Алтын жүлдеден үмітті болған Асланбек Шымбергеновтен бөлек, Олимпиаданың екі, әлем чемпионатының бес дүркін чемпионы кубалық Хулио Сесар ла Круста (92 кг) алғашқы айналымда жеңіліп қалды. Ол бірінші кезеңде шыққан тегі кубалық, бірақ Әзербайжан құрамасы сапында өнер көрсететін Лорен Альфонсо Домингестен ұтылды.

Ал 92 кг салмақта жұдырықтасатын отандасымыз Айбек Оралбай алғашқы айқасында сенімді түрде жеңіске жетті. Бірінші жекпе-жекте Айбек нигериялық Олетен Олаорені жеңді. Жерлесіміз қарсыласын бірінші раундта нокдаунға жіберіп, есенгіретіп алғанын да айта кеткен жөн. Оралбай ширек финалда Куба қабыланын жеңген әзірбайжандық боксшымен жұдырықтасады.

Сондай-ақ Париж Олимпиадасының жолдамасын соңғы болып олжалаған Мұхамедсабыр Базарбайұлы да Париж Олимпиадасын жеңіспен бастады. 63,5 келіде сынға түскен Мұхамедсабыр бірінші айналымда испаниялық Ойер Ибареччадан айласын асырды.

Әйелдер арасында жарыс жолын бастаған 2 дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай (50 кг) да келесі айналымға шықты. Ол бірінші кезеңде Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Джиордана Соррентиноны (Италия) 4:1 есебімен жеңді. Бұл – Назымның мансабындағы алғашқы Олимпиада ойындары. Енді біздің боксшы 1/8 финалда Панамерика ойындарының жеңімпазы Каролин де Алмейдамен жұдырықтасады.

Жекпе-жектен кейін Назым Қызайбай Олимпиададағы алғашқы жеңісіне қатысты пікір білдірді.

«Бірінші жекпе-жек болғаннан кейін, кездесу кішкене қиындау болды. Енді келесі айқастарымда бұдан да жақсы жұдырықтасуға тырысамын. Олимпиаданың атмосферасы өте керемет. Адамдар да өте көп, жалпы өзіме ұнап жатыр. Жекпе-жектің басында бапкерлерімді кішкене алаңдатып жібергендей болдым. Алайда, ең бастысы қарсыласымды ұттым. Қарсыластарымның барлығы мықты. Сол үшін алдағы айқастарыма барынша тыңғылықты дайындалып шығамын», - деді кездесуден соң ҰОК баспасөз қызметіне сұхбат берген Қызайбай.

Фото: Сали Сабиров