Нұрбек Оралбай – Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері
Бокстан Париж Олимпиадасының финалына шыққан жалғыз қазақстандық боксшысы Нұрбек Оралбай (80 кг) алтын үшін айқаста Украинаның даңқты боксшысы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2017 жылғы әлем чемпионы, екі дүркін Еуропа ойындарының және бір мәрте Еуропа чемпионатының жеңімпазы Александр Хижнякпен жұдырықтасты. Аса тартысты өткен жекпе-жекте Нұрбек қарсыласына 3:2 есебімен жол беріп, Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды.
Кездесудің алғашқы раундында украиналық боксшы белсенді болып, тек алға қарай ұмытылумен болды. Қорғана жүріп бокстасқан Нұрбек қарымта шабуылға иек артты. Сөйтіп бірінші раунд 3:2 есебімен Хижняктың пайдасына аяқталды.
Алғашқы раундта қарсыласына есе жіберген соң Нұрбек Оралбай екінші раундты қарқынды бастап, жиі шабуылдады. Отандасымыз бұл раундтың да басым бөлігін қорғаныста өткізгенімен, қарсыласына қарағанда дөп соққыларын көп тигізді. Ал Хижняк болса әдетінен жаңылмай, тек алға қарай жүріп отырды. Нұрбектің белсенділігін байқаған төрешілер бұл жолы 3:2 есебімен жеңісті қазақ боксшысына берді.
Бар мәселе үшінші раундта шешілетін болған соң боксшылар ашық айқасқа кірісті. Екеуі бір сәтке де аянып қалмай, соққы алмасып отырды. Үшінші раундтың бел ортасына жеткенде Нұрбектің мұрнынан қан кетті. Дәрігердің тиісті көмегінен кейін жерлесіміз жекпе-жекті қайта жалғастырып, Хижняктан жеңісті жұлып алуға тырысып бақты. Бірақ отандасымыз қанша жерден белсенді болса да, төрешілер жеңісті 3:2 есебімен Александр Хижнякқа берді. Осылайша, бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Олимпиаданы жалғыз күміспен аяқтады.
Нұрбек Оралбайдың Париж Олимпиадасындағы жүріп өткен жолына тоқталар болсақ, отандасымыз алғашқы айқасын 21 жастағы Аустралия боксшысы Каллум Питерстпен өткізді. Қарсыласының есімі бокс жанкүйерлеріне аса таныс бола қоймаса да, жасыл құрлық өкілі Нұрбекке лайықты қарсылық көрсете білді. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер 3:2 есебімен жеңісті қазақ былғары қолғап шеберіне берді.
Ширек финалда Нұрбек Оралбай Еуропа ойындарының қола жүлдегері әзербайжандық Мурад Аллахвердиевті еш қиындықсыз жеңді. Үш раундта да төрешілер жерлесіміздің басым болғанына күмән келтірген жоқ – 5:0.
Ал жартылай финалда 23 жастағы Доминикан республикасының өкілі Кристиан Хавьер Пиналеспен жұдырықтасты. Бойы да, қолы да ұзын Кристиан бұл айқаста отандасымызды біраз әуреге салды. Артқа бір қадам да шегінбей айқасқан доминикандық боксшы бірқатар ауыр соққыларын отандасымызға дарыта білді. Бірақ Олимпиадаға тек жеңіс үшін келген Нұрбек те қарап қалған жоқ. Қарсыласының бір соққысына екі соққымен жауап беріп отырған қазақстандық боксшы үшінші раундта жеңісті жұлып алды. Жекпе-жектен соң төрешілер жеңісті кімге береміз деп біраз бас қатырды. Алайда үш раунд бойы белсенді жұмыс істеген Нұрбек төрешілердің басым дауысымен (3:2) жеңіске жетіп, Олимпиаданың финалына жолдама алған еді. Өкінішке қарай, жерлесіміздің финалда жолы болмады.
Бұл – Нұрбек Оралбайдың спорттық карьерасындағы төртінші ірі жүлдесі. 2018 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанса, 2022 жылы ересектер арасында Азия біріншілігінің қола жүлдесін мойнына тақты. Ал былтыр Ташкентте өткен әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты.
Нұрбек Оралбайдың финалдық жекпе-жегінен соң бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Париж Олимпиадасын қорытындылап, шағын сұхбат берді.
«Бұл Олимпиадада біз күтпеген сенсациялар көп болды. Әлемнің бес дүркін, Олимпиаданың екі дүркін чемпиондары да жүлдегеіліге алмай қалды. Париждегі ойындарда бізге алтын бұйырмады. Бірақ жігіттерге еш реніш жоқ. Көпшілік сынағандай шаршамады, барын салды. Ешкім де жеңісті қолдан бермеді. Бұл Олимпиада бәрімізге сабақ болатыны анық. Осымен екінші Олимпиадада алтынсыз қалып отырмыз. Бірақ мен қазақ боксының жеңісті дәстүрге қайтаоралып, аяққа нық тұрарына сенемін. Финалға келер болсақ, иә, Александр Хижняк толассыз шабуыл жасады. Бірақ оның соққыларының соңы ғана тиді Нұрбекке. Ал дәл әрі таза соққыларды біздің жігіт тигізді. Оны қайталаудан да көрген шығарсыздар», - деді Мырзағали Айтжанов ҰОК баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Осылайша, Париж Олимпиадасын Қазақстан құрамасы екі жүлдемен қорытындылады. Ерлер арасында Нұрбек Оралбай (80 кг) күміске қол жеткізсе, қыздар сайысында Назым Қызайбай (50 кг) қола жүлдені қанағат тұтты.
Фото: ҰОК/Сали Сабиров