Мықтылар шаршы алаңға шығады
Финиксте қарашаның 13-і күні америкалық Дэвид Бенавидес ( 24-0, 21 КО) кезекті жекпе-жегін өткізеді. Бүгінгі таңда ол 76.2 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі ең мықты боксшылардың бірі ғана емес, сарапшылардың пікірінше дәл осы салмақтағы Сауль Альварес-Канелоны (57-1-2, 39 КО) шаршы алаңда тізе бүктіре алатын жалғыз адам. Дэвид 31 жастағы Канелодан 5 жасқа кіші.
Бенавидес WBC нұсқасы бойынша 76.2 келіге дейінгі санатта 2017 жылдан бастап 2018 жылға дейін және 2019 жылдан бастап 2020 жылға дейін әлем чемпионы болған. Алғашқы рет ол өз титулынан допинг сынағы оң нәтиже бергеннен кейін айрылып қалған болатын. Ал екінші рет жекпе-жектің алдында қажетті салмақты көрсете алмаған.
Қарашаның 13-і күні Бенавидес 27 жастағы отандасы Кирон Дэвиспен (16-2-1,6 КО) кездеседі.Ол мықты боксшы, бірақ қарсыласынан деңгейі төмен. Сондықтан бұл жерде Бенавидестің жеңіске жету фактісі емес, оған қалай қол жеткізетіні қызықты болмақ. Сондай-ақ, бокс сүйер қауым оның Канелоны жеңе алатындай қауһарының бар-жоғын бақылайтыны анық.
Дәл осы күні Анахаймда 72.6 келіге дейінгі салмақта әлемдік үстемдікке негізгі үміткерлердің бірі мексикалық Хайме Мунгия (37-0, 30 КО) да шаршы алаңға шығады. Бұл салмақ дәрежесінде қазақстандық былғары қолғап шеберлері Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) мен Жәнібек Әлімханұлы (10-0, 6 КО) өнер көрсетеді.
Айта кету керек, Хайме25 жаста. Ол кәсіби рингте 39 жастағы Головкиннен небәрі 4-ақ жекпе-жек кем өткізген. Мугния WBO нұсқасы бойынша 69.852 келіге дейінгі бірінші орта салмақта әлем чемпионы болған, бірақ 2019 жылы келесі салмақ санатына ауысып, титулдан бас тартқан.
Анахаймда Мунгия 35 жастағы американдық Габриэль Росадоға(26-13-1, 15 КО) қарсы тұрады. Америкалық ардагер Росадоны Геннадий Головкин 2013 жылы нокаутқа түсірген.