Майки Гарсия жеңіcке жетіп, Исраил Мадримов бесінші қарсыласын да нокаутқа түсірді
Американың Фриско қаласында (Техас штаты) екі экс-чемпион жұдырық түйістіріп, 12 раундтық жекпе-жекте Майки Гарсия (40-1, 30 KO) өзінің отандасы Джесси Варгастан (29-3-2, 11 KO) басым түсті. Сөйтіп жартылай орта салмақта WBC Diamond белбеуіне қол жеткізді. Есеп – 114:113, 116:111 және 116:111).
Жалпы, бұл жекпе-жекте Майки Гарсияның мерейі үстем болды. Бірақ бастапқы раундарта Джесси Варгас та дес бермей, қарсы шабуыларымен қарсыласын күтіп алып, бірнеше соққысын діттеген жеріне дөп тигізіп отырды. Төртінші раундта тіпті Гарсияны селт еткізгендей де болды. Осыдан кейін арқаны кеңге салып, жаза басты. Бесінші раундта Майки оны нокдаунға түсірді...
Варгас есесін қайтармақ болып тырысқанымен, Гарсия одан асып түсті. Жетінші раундат тағы бір пәрменді соққысын дөп тигізіп шайқалтты. Ал оныншы раундта тағы бір рет теңселтті. Соңғы раундта Варгас басымдау түскенімен, жекпе-жектің ортасында жіберіп алған есесінің орнын толтыруға бұл жетіңкіремеді, әрине.
Осы жекпе-жектен соң Майки Гарсия WBC Diamond белбеуімен тоқмейілсіп қалғысы келмейтіндігін, дәл осы салмақта толыққанды Әлем чемпионы болуды көксейтіндігін мәлімдеді. Әрі Мэнни Пакьяомен кездескісі келетіндігін және (немесе) Эррол Спенстен есе қайтаруды ойлайтындығын жалпақ жұртқа жария етті. Бұл түсінікті, Майки Гарсия бесінші салмақта Әлем чемпионы атанып, тарихқа өшпес із қалдырғысы келеді.
Айтпақшы, осы жекпе-жектің андеркардында жартылай орта салмақтағы өзбек баһадүрі Исраил Мадримов (5-0, 5 KO) Венесуэла боксшысы, кезінде әлем чемпионы атағынан үміткер болған Чарли Наварроны (29-10, 22 KO) сұлатып салды. Ол алтыншы раундта қарсыласын нокдаунға түсіріп, іле-шала құлатты. Бұл жекпе-жекті сіздер біздің сайтымыздың «Видео» бөлімінен көре аласыздар.