Әлімханұлы – Энжикам: жекпе-жектің кейінге шегерілуі қазақстандық үшін тиімді ме?

2021 ж. 3 қараша
Әлімханұлы – Энжикам: жекпе-жектің кейінге шегерілуі қазақстандық үшін тиімді ме?

Ең табысты қазақстандық кәсіпқой боксшылардың бірі Жәнібек Әлімханұлы 5 қарашада Хассан Энжикаммен шаршы алаңға шығады деп жоспарланған болатын. Алайда, Әлімханұлы әлеуметтік желіде өз жанкүйерлеріне жекпе – жектің кейінгі қалдырылғанын, оның қарашаның 20 күні Лас-Вегаста болатынын жеткізді. Қазақстандық боксшының сөзінше, оның француз төлқұжаты бар камерундық қарсыласы Хассан Энжикам әлі американдық виза ала алмай отыр.

Әзірге жекпе – жектің ауыстырылғанын ресми растау мүмкін болмады. Жәнібек өнер көрсететін Top Rank продюсерлік компаниясының сайтында да, кәсіби бокста маманданған беделді интернет-ресурстарда да бұл туралы ешқандай мәлімет жоқ. Мүмкін бұл жекпе-жектің келісімшартына әлі қол қойылмаған. Алайда бұл тек болжам екенін атап өткен жөн.

Естеріңізге сала кетейік, 28 жастағы Әлімханұлы кәсіби рингте тек 10 жекпе-жек өткізіп, оның алтауында қарсыласын нокаутқа түсірген. Сенімді өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген былғары қолғап шебері ең беделді бокс ұйымдарының үшеуінің ТОП-10-дығына кіреді: WBC-4, IBF– 9, WBO– 2.

Оның болжамды қарсыласы Хассан Энжикам – 37 жаста. Ол өткізген 38 жекпе-жегінің 21-ін нокаутпен жеңіп, 5 рет қарсыласына есе жіберген. Әлем чемпионы болған. Бірақ, 2019 жылдың жазында 5-ші раундта нокаутқа түсіп, атағынан айрылған. 2020 жылдан бері Хассан тек бір жекпе-жек өткізген. Ол соңғы жекпе-жегінде жеңіс тұғырынан 26 рет көрінген, 19 рет есе жіберген, бір рет тең ойын көрсеткен венгр Габор Горбичті тізе бүктірген.

Естеріңізге сала кетейік, Әлімханұлы – Эдджикам әлем чемпионы американдық Микаэла Майер (15-0, 5 КО) мен француз Майва Амадуш (22-1, 18 КО) әйелдер арасындағы жекпе-жектің андеркартында, 59 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетпек болған.

Ал 20 қарашада өтетін Лас-Вегастағы бокс кеші бүкіл әлемде үлкен қызығушылық тудыратынына күмән жоқ. Өйткені ринг төріне заманымыздың ең мықты боксшыларының бірі – америкалық Теренс Кроуфорд (37-0, 28 КО) шығады. Қазір ол WBO тұжырымы бойынша 66.7 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы. Оның қарсыласы-отандасы Шон Портер (31-3-1, 17 КО) болмақ. Мұндай бокс кешінде өнер көрсету - көгілдір экран алдындағы көрерменге өзін дәлелдеуге мүмкіндік алу. Жәнібек Әлімханұлының мұны айқын, сенімді, чемпиондық жолмен жасағанын қалаймыз!