Кәсіпқой бокстағы қазақ қыздары
Кейінгі жылдары елімізде кәсіпқой бокста өнер көрсететін шойын жұдырық иелерінің қатары артып келеді. Халықаралық ареналардағы жекпе-жек кештерінде ел намысын ер боксшылармен қатар, қыздарымыз да абыроймен қорғап жүр. Сондай-ақ бұрымды боксшыларымыз әртүрлі деңгейдегі құрлықтық белбеулерді де олжалап үлгерді. Ringkz порталы назарларыңызға кәсіпқой бокста жоғары нәтиже көрсетіп жүрген танымал ТОП-4 қазақ қызын ұсынады.
Фируза Шәріпова
1994 жылы Жамбыл облысында туған Фируза Шәріпова 12 жасынан бері бокспен шұғылданып келеді. Бокс үйірмесіне дейін ол велоспорт және су добымен айналысқан. Дегенмен, жүрек қалауының түкпірінде бәрібір жекпе-жек өнері тұрды. Фируза әуесқой бокста жүріп бірталай биік белестерді бағындырды. Көптеген ірі халықаралық, республикалық турнирде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жасөспірімдер, жастар және ерексектер арасында Қазақстан чемпионы атанды. Моңғолияда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында үшінші сатыдан көрінді. Ал 2016 жылдан бастап кәсіпқой боксқа бет бұрды.
Фируза Шәріпова бүгінге дейін кәсіпқой бокста 17 кездесу өткізіп, соның 15-інде жеңіске жетсе, екі кездесуінде қарсыласына жол берді. 2016 жылдың 21 мамырында дебют жекпе-жегінде ресейлік Софья Очигавадан ұпай санымен жеңілсе, 2021 жылдың 11 желтоқсанында бес дүркін әлем чемпионы, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы ирландиялық Кэти Тейлормен жұдырықтасып, қарсыласына ұпай айырмашылығымен есе жіберді. Бұл кездесуде Тейлор WBA, IBF, WBO, WBC және The Ring белбеулерін қорғаған болатын. Фируза әзірге ең кейінгі жекпе-жегін 2022 жылдың соңында Ресейде өткізіп, танзаниялық Фериче Машориден басым түскен болатын. Отандасымыз келесі жекпе-жегін қашан өткізетіні белгісіз.
Балауса Мұздыман
Балауса 1997 жылы Алматы облысының Ақши ауылында дүниеге келген. Бокс залына оны әкесі апарған. Боксшы алғашқы жаттығуына келгенде ауылдағы спортзалда тек «кілем және екі қап (груша)» болғанын айтады. Жас спортшы ипподромда жүгіріп, әпкелеріне газет ұстатып, соққы жасап үйренген.
13 жасында бокс үйірмесіне келген Мұздыман бір жылдан кейін жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атанды. Ал келесі жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. Ересектер сапында Қазақстан біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрді. Балауса биыл 54 кг салмақта Олимпиадаға баратын үміткер боксшылар қатарына кіргенімен, өкінішке қарай, Астанадағы іріктеу жекпе-жегінде Назым Қызайбайдан жеңіліп қалды.
Мұздыман әуесқой бокспен қатар, кәсіпқой бокста да бақ сынап келеді. 2017 жылы алғашқы айқасын өткізген бұрымды боксшы бүгінге дейін небәрі 4 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Ең кейінгі жекпе-жегін биыл 1 маусымда Алматыда өткізіп, 43 секундта үндістандық Моника Сингхті нокаутқа түсірген еді. Күні кеше Балауса 25 шілде Таиланд астанасы Бангкоктағы бокс кешінде аса жеңіл салмақта WBA Asia титулы үшін жұдырықтасатыны туралы ақпарат тарады. Қарсылас есімі әзірге белгісіз.
Ангелина Лукас(10-1, 5 КО)
27 жастағы Ангелина Лукас 1997 жылы Жамбыл облысы, Тараз қаласында туған. 7 жастан 12 жасқа дейін бал биімен айналысып, біршама жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, үлкен сахнада өнер көрсеткен. Алайда 2012 жылы ол өзін бокста сынап көргісі келіп, бокс үйірмесіне келген. Бір қызығы, оны бокс залына әкесі емес, әжесі әкелген.
Әуесқой бокста жүріп жастар мен жасөспірімдер арасында үш дүркін ел чемпионы, ересектер арасында Қазақстан чемпионатының және Спартакиадасының жүлдегері атанды. Сонымен қатар бірнеше халықаралық жарыстың жеңімпазы және жүлдегерлері қатарынан көрінді. Оның ішінде Болгарияда өтетін «Странджа» турнирі, Сербиядағы Ұлттар кубогі, Түркиядағы «Босфор кубогі» сияқты жарыстар бар.
Ангелина Лукас 2021 жылы кәсіпқой боксқа ауысып, сол жылы Астанада дебют жасады. Алғашқы айқасында украиналық Еуропа чемпионатының жүлдегері Светлана Василевскаяны жеңді. Содан кейін 10 мәрте шаршы алаңға көтеріліп, барлығында да жеңіс тойын тойлады. Жерлесіміздің еншісінде екінші жеңіл салмақтың WIBF және WBF чемпиондық белдігі бар.
Аида Сатыбалдинова (6-3-1, 2 КО)
Кәсіпқой бокс әлемінде Lady Sparta лақап атымен танымал Аида Сатыбалдинова 2017 жылдан бері кәсіби шаршы алаңда өнер көрсетіп келеді. Ақмола облысы, Көкшетау қаласында дүниеге келген ол боксқа дейін ауыр атлетикамен шұғылданып, Қазақстан Республикасының спорт шебері дәрежесіне дейін жеткен. Кейіннен боксқа ауысып, әуесқойлар арасында өнер көрсетті. Республикалық түрлі жарыстарда жүлделі орындар жеңіп алды.
Ал 2017 жылы АҚШ-қа қоныс аударып, сол жылдан бері кәсіпқойлар арасында жұдырықтасып келеді. Жерлесіміз бүгінге дейін 10 кездесу өткізіп, соның алтауында жеңіске жеткен. Үш айқасында жеңіліп қалса, бір жекпе-жек тең есеппен аяқталған. 2022 жылдың маусымында ол гаитилік Джанка Повиласты жеңіп, жеңіл салмақтағы GBU белбеуін жеңіп алды. Сонымен қатар Аиданың еншісінде WBF International белдігі бар.