Коронавирус індеті Хабиб Нурмагомедов пен Тони Фергюсон жекпе-жегіне кесірін тигізе ме?

2020 ж. 13 наурыз
Коронавирус індеті Хабиб Нурмагомедов пен Тони Фергюсон жекпе-жегіне кесірін тигізе ме?

Коронавирус індетінің қауіпі жер шарын шарпып барады. Мәселен, Нью-Йорк билігі 500 адамнан артық халық жиналатын бұқаралық шаралардың өткізілуіне тыйым салып отыр. Бұл спорт саласына, әсіресе UFC промоушені мен кәсіпқой бокс кештеріне кері әсерін тигізіп отыр. Кейбір бокс кештері кейінге шегерілді, кайсыбіреулерінің өту-өтпеуі әлі белгісіз...

Бұл ретте, аралас жекпе-жек өнеріндегі ең беделді UFC (Ultimate Fighting Championship) промоушенінде де жағдай – мүшкіл. Шетелдік ақпарат көздері таратқан мәліметтерге сенсек, алдағы төрт кештің (шараның) екеуі Лас-Вегасқа ауыстырылады екен. Ал алдағы демалыс күні Бразилияда ұйымдастырылатын «UFC Fight Night 170» турнирі көрерменсіз өтетін болыпты...

Ол, ол ма... Хабиб Нурмагомедов пен Тони Фергюсон арасындағы, 18 сәуір күні Бруклинде өтуі тиіс жекпе-жектің («UFC 249» турнирінің) не болары әлі белгісіз. UFC басшылары әзірше тіс жарып ештеңе айтпай, бұл мәслеені жабулы қазан күйінде қалдырып отыр. Бірақ Лас-Вегастағы «UFC Apex» продакшн-орталығы аренасына ауыстырылуы да мүмкін екен. Ал оның аренасы шағын ғана, адам көп сыймайды. Тіпті көрерменсіз өтуі де ықтимал.

Бүгін UFC президенті Дана Уайт ресми мәлімдеме жолдады. Онда өздерінің коронавирус індетіне байланысты қазіргі жағдайды қатаң бақылап отырғандарын айтқан. Бірінші кезекте спортшылар мен көрермендердің денсаулығын ойлайтындықтарын көлденең тартқан. Кейбір турнирлерін Лас-Вегастағы «UFC Apex» аренасына ауыстырғандарын мәлімдеген.

Бірақ барлық турнирлерінің ESPN, ESPN+ телеарналары және медиа серіктестері арқылы тікелей эфирде таратылатындығын шегелеп айтқан. «Яғни сіздер бәрін де теледидардан, ноутбуктан немесе телефондарыңыздан тамашалай аласыздар» деп фанаттарды жұбатуға тырысқан. Ал билет сатып алған адамдарға ақшалары толығымен қайтарылатындығын жариялаған.

Хабиб Нурмагомедов болса, өзінің Instagram-дағы жеке парақшасына өз ойын бірден жазды. Онда ол «Залдан тысқары жерде не болып жатқанын мүлде түсінбеймін. Маған да сіздерге жеткен ақпараттар ғана жетіп жатыр. Мен залдамын, мен дайындалып жатырмын. Әрі қарай не болады, оны ешкім де білмейді», – деп жазып, жаттығу кезіндегі суретін салыпты.