​Қаңтарда өтетін ТОП-5 жекпе-жек

2025 ж. 8 қаңтар
​Қаңтарда өтетін ТОП-5 жекпе-жек

Жаңа жылдың алғашқы айында кәсіпқой боксшылар жанкүйерлерді жарқын жекпе-жектерімен қуанта қоймайды. Өйткені жыл соңына дейін шаршы алаңда өнер көрсетіп, жаттығу залынан қолы босамаған көп боксшы жыл басында демалып, саяхаттап, отбасымен уақыт өткізгенді құп көреді. Ал кейбір боксшылар жылды жекпе-жекпен бастағанды жақсы көреді. Назарларыңызға қаңтарда өтетін ең негізгі ТОП-5 жекпе-жекті ұсынамыз.

5-орын: Джастис Хуни (11-0, 6 КО) - Шон Потгитер (10-1, 7 КО)

8 қаңтар күні ауыр салмақтағы аустралиялық Джастис Хуни өз отанында кезекті айқасын өткізеді. Кәсіпқой боксқа ауыса салып, бокс әлемінде құбылысқа айналған Джастис бойының қысқалығына қарамастан техникалық шеберлігі мен шапшаңдығының арқасында өнері көптің көңілінен шығып, бокс мамандарының назарын аудартты. Алайда осының алдындағы Кевин Леренаға қарсы жекпе-жегіндегі даулы жеңісі көпшіліктің пікірін күмәнді етіп қойды. Енді Джастиске титулға жету үшін аса ұқыпты дайындалуы керек сияқты.

4-орын: Джей Опетая (26-0, 20 КО) - Дэвид Ньика (10-0, 9 КО)

8 қаңтарда Аустралияда өтетін бокс кешінің басты жекпе-жегінде жергілікті боксшы Джей Опетая жаңазеландиялық Дэвид Ньикамен шеберлік байқасады. Ауыр салмақтағы алыптар IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын сарапқа салады. Мамандар бұл жекпе-жек қаңтар айының басты тосын сыйы болуы мүмкін деп отыр. Өйткені Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Ньика Опетаяға қарсы жекпе-жекте ең қауіпті қарсыластың бірі болмақ.

3-орын: Энди Крус (4-0, 2 КО) - Омар Сальсидо (20-1, 14 КО)

Қаңтар айындағы тағы бір тартысты айқас кубалық Энди Крус пен мексикалық Омар Сальсидо арасында өтеді. Кубалық Олимпиада чемпионының қарқынын бокс жанкүйерлері жақсы біледі. Дегенмен, мексикалық Сальсидо да қара жаяу боксшы емес. Ол былтыр біршама тәжірибелі боксшыларды жеңіп, үлкен абсентті жасады. АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетін айқаста боксшылар IBF International титулы үшін жұдырықтасады.

2-орын: Диего Пачеко (22-0, 18 КО) - Стивен Нельсон (20-0, 16 КО)

Екі боксшының статистикасына қарап отырып, ең қызықты әрі тартысты жекпе-жек болатынын болжауға болады. Теренс Кроуфордтың командасында өнер көрсететін Пачеко нағыз талантты боксшы. Бірақ биыл 24 жасқа толатын Диего 36 жастағы тәжірибелі боксшыға қаншалықты төтеп бере алатынын уақыт көрсетеді. Жекпе-жек 25 қаңтарда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді.

1-орын: Наоя Иноуэ (28-0, 25 КО) - Сэм Гудман (19-0, 8 КО)

Қаңтар айының басты айқасы Жапонияның Токио қаласында өтпек. Жалпы, жапониялық боксшының әрбір жекпе-жегі жанкүйерлер үшін үлкен оқиға. Ал бұл жолғысы мүлде бөлек. Өйткені Иноуэ соңғы рет абсолютті чемпион ретінде рингке шығуы мүмкін. Егер бұл жекпе-жекте Иноуэ жеңіске жетсе, келесі айқасын әр титул бойынша міндетті қарсыластармен өткізуді жоспарлап отыр.

P.S: 17 қаңтар күні отандасымыз Әли Ахмедов (22-1, 16 КО) АҚШ-тың Калифорния штатында жергілікті боксшы Малкольм Джонспен (17-4-1, 10 КО) жұдырықтасады. Жекпе-жек 76,2 кг салмақта 10 раунд өтеді деп жоспарланған.

Текст: Admin Admin