​Канело, Головкин және Жалолов: Жәнібек Әлімханұлының баспасөз мәслихаты қалай өтті

2025 ж. 26 ақпан
​Канело, Головкин және Жалолов: Жәнібек Әлімханұлының баспасөз мәслихаты қалай өтті

Бүгін Астана төрінде "Qazaq Style" Жәнібек Әлімханұлының баспасөз мәслихаты өтіп, ол алда болатын жекпе-жегіне дайындығы және болашаққа түзген жоспары жайында айтты.

Әлемдік деңгейдегі кешті Nomad Promotions компаниясы ұйымдастырады. Компания директоры Рустам Қуанышәлиевтің айтуынша, аталмыш промоушн келесі 3 жыл ішінде Қазақстан мен Орталық Азияны бокстың ең ірі таланттары үшін тартымды орталыққа айналдырып, бокс тарихында жаңа тараулар жазу.

Белбеулерді жинау

Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) болашақта мексикалық даңқты боксшы Сауль Альвареспен (62-2-2, 39 КО) жұдырықтасуды жоспарлап жүргенін айтты.

«Алдымен осы салмақта төрт белбеудің бәрін жинап аламын. Сосын салмағымды көтеріп, «Канеломен» жекпе-жекке өткізуге қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», - деді Жәнібек брифинг барысында.

Ол сондай-ақ, мексикалықпен қай елде болса да кездесуге дайын екенін айтты. Бастысы, Сауль Альварес келісімін берсе болғаны.

Головкин және Жәнібек

Осыған қоса ол өзінің жағдайын Геннадий Головкинмен салыстырды.

"Иә, жағдайымыз ұқсас. Меніңше, бірде бір боксшы басқа боксшыдан қорықпайды, ол оның стилінен қорқады", - деп қысқа қайырды спортшы.

Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлының келесі жекпе-жегі 5 сәуірде Астанада өтеді. Оның қарсыласы француз Анауэль Нгамиссенгуэ болмақ.

Жалолов Астанада!

Суперауыр салмақтағы екі дүркін Олимпиада чемпионы, өзбекстандық Баходир Жалолов Астанада өтетін Жәнібек Әлімханұлының бокс кешінде жұдырықтасады.

Карде екі дүркін Олимпиада және әлем чемпионы Баходир Жалоловтан бөлек, Сұлтан Заурбек, Батыр Жүкембаев және Махмұд пен Төрехан Сабырхандар да рингке шығады.

Жалоловтың ақпан айының басында француз Давид Спильмонмен Канададағы жекпе-жегі өтпей қалған еді. Боксшының медициналық тексеру кезінде герпес анықталып, кездесу тоқтатылған.

Айта кетейік, Nomad Boxing промоушені Жалоловтың Астанадағы қарсыласын кейінірек жариялайтынын мәлімдеді.