​Әйелдердің Наурыз мерекесіне тартуы: Қазақстан құрамасы бокстан әлем чемпионатында тарихи жетістікке жетті

2025 ж. 17 наурыз
​Әйелдердің Наурыз мерекесіне тартуы: Қазақстан құрамасы бокстан әлем чемпионатында тарихи жетістікке жетті
Назым Қызайбай

Сербияның Ниш қаласында өткен әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жарқын нәтиже көрсетті. Жерлестеріміз ел қоржынына үш алтын, екі күміс және бір қола медаль салып, ел мерейін үстем етті.

Бұл жетістік – Қазақстан әйелдер құрамасының әлемдік аренадағы орнын нығайта түскенін көрсетеді. Бұған дейін, 2016 жылы елордада өткен әлем біріншілігінде қазақстандық спортшылар 4 алтын және 2 қола медаль жеңіп алған еді.

Үш дүркін чемпион және әлем чемпионатының жүлдегерлері

48 келі салмақта өнер көрсеткен Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай Қазақстан бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін әлем чемпионы атанды. Ол бұған дейін 2014 және 2016 жылдары әлем біріншілігінде топ жарған болатын.

Назымды тарихи жеңісімен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, оған сәттілік тіледі:

– Назым Қызайбайды отандық бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін әлем чемпионы атануымен құттықтаймын. Бұл – айтулы жетістік! Сербиядағы әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсеткен Ұлттық құрама мүшелеріне алғысымды білдіремін. Спортшы қыздарымыздың алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектеспін, – деді Президент.

Алуа Балқыбекова
Аида Әбікеева

50 келіде сынға түскен Алуа Балқыбекова әлем чемпионатының барлық жүлде жиынтығын иеленген санаулы боксшылар қатарына қосылды. Бұған дейін ол 48 келі салмақта 2022 жылы Түркияда өткен әлем чемпионатында күміс, ал 2023 жылы Үндістандағы жарыста қола медаль жеңіп алған еді. Сондай-ақ Алуа – Азияның екі дүркін чемпионы (2021, 2022).

63 келіде бақ сынаған Аида Әбікеева былтыр Азия біріншілігінде топ жарса, биыл әлемдік деңгейдегі алғашқы алтын медалін иеленді.

Күміс жүлдегерлер:

  • Виктория Графеева (60 кг)
  • Елдана Тәліпова (+81 кг)
Виктория Графеева
Елдана Тәліпова

Қола жүлдегер:

  • Наталья Богданова (70 кг)
Наталья Богданова

Қазақстан құрамасына қатысты қызықты деректер

Қазақстан әйелдер құрамасы араға 9 жыл салып әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтеріліп, Әнұранымыз қайта шырқалды. Соңғы рет бұл жетістік 2016 жылы Астанада тіркелген еді.

Назым Қызайбай – Қазақстан тарихындағы тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы. Бұған дейін ерлер де, әйелдер де мұндай жетістікке жетпеген.

Жарысқа 51 елдің спортшылары қатысты. Қазақстан, Сербия, Ресей және Өзбекстан толық құраммен өнер көрсетті.

Жекпе-жектердің екеуінде қазақстандық боксшылар жеңісті қарсыластардың рингке шықпауынан автоматты түрде иеленді.

Қазақстан құрамасының боксшылары әлем чемпионатында 35 жекпе-жек өткізіп, 26-да жеңіске жетті.

Бұл чемпионат Қазақстан әйелдер құрамасының тарихтағы ең үздік көрсеткіштерінің бірі болды.

Әлем чемпионатының жүлде қоры

Биылғы әлем чемпионатының жүлде қоры қомақты болды. Қаржылай сыйақы тек жүлдегерлерге ғана емес, ширек финалға шыққан боксшыларға да берілді:

  • 1-орын – 100 000 АҚШ доллары
  • 2-орын – 50 000 АҚШ доллары
  • 3-орын – 25 000 АҚШ доллары

Ширек финалистер – 10 000 АҚШ доллары

Жалпыкомандалық есеп

Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады:

  • 1-орын: Ресей – 4 алтын, 1 күміс, 2 қола
  • 2-орын: Қазақстан – 3 алтын, 2 күміс, 1 қола
  • 3-орын: Түркия – 1 алтын, 2 күміс, 2 қола

Фото: Спортты дамыту дирекциясы