Irfin Promotions (Қазақстан) және TL Boxing Promotion (Таиланд) серіктес болды
Қазақстандық Irfin Promotions промоутерлік компаниясы отандық боксшыларды қолдап, дамыту бойынша өз қызметінің шекарасы мен географиясын кеңейтуде.
Алғашқы бірлескен жоба - Бангкоктағы бокс кеші
Қазақстандық Irfin Promotions және таиландтық TL Boxing Promotions промоутерлік компаниясы бірлескен қызмет туралы серіктестік келісіміне қол жеткізді. Екі тарап қол қойған ынтымақтастық туралы Меморандум 2024 жылдың 16 желтоқсанында жасалды.
TL Boxing Promotions - бұл Таиландтағы ең мықты промоутерлік компания. Онымен әріптестік туралы келісім, мысалы, боксшыларды алға жылжытуға, бокс кештерін бірлесіп ұйымдастыруға, таиландтық боксшылардың Қазақстанда, ал қазақстандық боксшылардың Таиландта және басқа елдерде өнер көрсетуге мүмкіндік береді.
Алғашқы серіктестік жоба 2025 жылдың 1 ақпанында Таиланд астанасы Бангкокта бокс кешін бірлесіп өткізу болады. Бағдарламада 8 жұп бар, олардың төртеуі TL Boxing Promotions, ал тағы төртеуі Irfin Promotions атынан сынға түседі. Яғни 1 ақпанда Бангкокта төрт қазақстандық боксшы өнер көрсетеді және оларға шетелдік қарсыластар қарсы тұрады.
Іскерлік танысу
TL Boxing Promotion промоутері - таиландтық Иунг Лаосуванват. Онымен Irfin Promotions бас директоры Бағдәулет Төреханов бетпе-бет кездесіп, тамыз айында Вьетнамда өткен WBA Asia конвенциясы кезінде іскерлік қарым-қатынас орнатты.
Лаосуванваттың боксшыларының бірі – жартылай орта салмақтағы WBA Asia чемпионы Киттисак Клинсонға (8-1, 5 К0) қыркүйек айында Алматыда қазақстандық Руслан Мадиевпен (16-2, 6 КО) жекпе-жек өткізіп, титулын қорғау міндеті қойылған еді.
Алайда оның денсаулығында мәселе пайда болып, ол жедел түрде ауруханаға жатқызылды. Осылайша кездесуге дейін бір айдан аз уақыт қалғанда Клинсон Алматыға келе алмайтыны белгілі болды. WBA Asia жартылай орта салмақтағы белбеуі бос қалып, оның келесі иегері қазақстандық Руслан Мәдиев атанды. Ол Алматыда өткен бокс кешінде ресейлік Тигран Согоянмен (7-1-1, 4 КО) 10 раундтық жекпе-жек өткізіп, төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетті.
Алайда мұндай жағдай Irfin Promotions және TL Boxing Promotion өкілдерінің одан әрі байланыстарына кедергі бола алмады. Қайта өзара байланыс арта түсіп, ынтымақтастық туралы Меморандум, яғни 2025 жылғы 1 ақпанда бірлескен бокс кешін ұйымдастыру келісімімен жалғасты.