Екінші рет: Иноуэ – Гудман жекпе-жегі өтпейтін болды
Қаңтар айының басты жекпе-жегіне баланған екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі (55,3 кг дейін) әлемнің абсолютті чемпионы, жапониялық Наоя Иноуэ (28-0, 25 КО) мен аустралиялық Сэм Гудман (19-0, 8 КО) арасындағы кездесу тағы да өтпейтін болды. Айқас 24 қаңтарда Токио (Жапония) қаласында өтеді деп жоспарланған еді, бірақ Гудманның жарақаты бұл жоспарды тағы да бұзды.
Екінші жеңіл салмақ дәрежесінің IBF ұйымы бойынша міндетті үміткер, аустралиялық боксшы Сэм Гудман (19-0, 8 КО) Наоя Иноуэмен (28-0, 25 КО) өтетін жекпе-жектен тағы да бас тартуға мәжбүр болды. Жоспар бойынша, екі боксшы арасындағы жекпе-жек 2024 жылдың желтоқсан айында Токио қаласында өтуге тиіс еді. Алайда Гудман жекпе-жек алдындағы спаррингте жарақат алып, қабағын жарып алған болатын.
Осыдан кейін тараптар келісімімен айқас биылғы 24 қаңтарға ауыстырылған еді. Бірақ екінші жекпе-жекке екі апта қалғанда Гудманның жарақаты қайта мазалап, тағы да кездесуге шыға алмайтыны белгілі болды. Аустралиялық боксшының өкілдерінің айтуынша, Гудман Жапонияға ұшар алдындағы соңғы спарринг жаттығуында қабағын қайта жарып алған.
Бұл жолы жарақат өте ауыр болғандықтан, боксшының жарақатын емдеуге кемінде алты ай уақыт қажет болады. ESPN мәліметінше, Гудман пластикалық операция жасатпақ. Бұл жағдай аустралиялық боксшының мансабына да үлкен әсер етуі мүмкін, себебі жарақаттан кейінгі толық қалпына келу мерзімі де біраз уақыт алады.
Жекпе-жектің кардында өзгерістер енгізілгеннен кейін, жапониялық боксшының промоутері бокс кешін ұйымдастырудан бас тарта алмай, Наоя Иноуэге жаңа қарсылас іздеу туралы шешім қабылдады. Шетелдік БАҚ-тардың жазуынша, жапониялық боксшының жаңа қарсыласы бүгін жарияланады деп күтілуде. Наоя Иноуэ үшін бұл үлкен сынақ болуы мүмкін, өйткені ол ұзақ уақыттан бері айтарлықтай бәсекеге түсіп жүрген жоқ. Әрине, жаңа қарсылас пен жекпе-жек қарқыны оны басқаша деңгейде сынаққа салады.
Наоя Иноуэ кіммен жекпе-жек өткізуі мүмкін?
Қазіргі таңда екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі (55,3 кг дейін) әлемнің абсолютті чемпионы, жапониялық Наоя Иноуэмен (28-0, 25 КО) жұдырықтасуға ниетті боксшылардың қатары көп. Барлығы да чемпионның белдігін тартып алуға ниетті. Иноуэ үшін басты мақсат – өз атағын сақтап қалу және әрдайым үздік боксшылармен кездесіп, өзінің мықтылығын дәлелдеу.
Атап айтқанда, олардың қатарында екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBA белдігіне негізгі үміткер өзбекстандық Муроджон Ахмадалиев (12-1, 9 КО), британиялық Лиам Дэйвис (16-0, 8 КО), филиппиндік Джон Риэль Касимеро (33-4-1, 22 КО), америкалық Элайджа Пирс (20-2, 16 КО), мексикалық Алан Давид Пикассо (29-0-1, 16 КО) және жапониялық Тошики Шимомачи (19-1-3, 12 КО) бар.
Аталған боксшылардың қай-қайсысы болсын жапониялық боксшымен жұдырықтасуға дайын деп ойлаймыз. Дегенмен, уақыт өте тығыз болғандықтан, көп боксшы дәл қазір Иноуэмен жұдырықтасуға келісімін бере қоймас. Жоғарыда аталған алты боксшының ішінен тек Тошики Шимомачи ғана өз отандасымен жұдырықтасуға келісімін беріп қалуы мүмкін.