Беллью немесе Лебедев – Усиктің келесі қарсыласы кім болмақ?

2018 ж. 6 қыркүйек
Беллью немесе Лебедев – Усиктің келесі қарсыласы кім болмақ?

Дүниежүзілік бокс қауымдастығы украиналық боксшы Олександр Усикті ресейлік Денис Лебедевпен жұдырықтасуды міндеттеді. Қос тарап бір айдың ішінде жекпе-жек жайлы келісімге келулері қажет.

Олександр Усик Дүниежүзілік бокс супер сериясының бірінші маусымында жеңімпаз атанып, Мұхамед Әли кубогынан бөлек, The Ring, WBC, WBA, WBO және IBF чемпиондық белбеулерінің иегері. Ал Денис Лебедев былтырға дейін WBA тұжырымы бойынша «суперчемпион» болып келген. Бірақ WBSS жобасына қатысудан бас тартқаны үшін биыл ақпан айында Дүниежүзілік бокс қауымдастығы Лебедевті бұл белбеуден айырып, титулды кубалық Юниер Дортикосқа берген болатын. Ал ресейлікке «демалыстағы чемпион» атағын қалдырып, WBSS чемпионымен жекпе-жек ұйымдастырып беруге уәде берген. Енді міне, WBA Олександр Усикке келесі кездесуінде Денис Лебедевпен жұдырыұтасуды міндеттеп отыр. Бір айдың ішінде қос тарап өзара келісімге келуі қажет.

– Бұл жаңалық біздің жоспарымыздың барлығын құртып отыр. Өйткені, Олександр осы жылдың соңына таман Англияда Тони Белльюмен жекпе-жекке шығуды көздеген еді. Енді Лебедевпен кездесуіміз керек екен, – деп Усиктің промоутері Александр Красюк өкінішін білдірді.

WBA шешіміне Тони Белльюдің промоутері Эдди Хирн да наразы. Егер барлық белбеу сарапқа салынса ғана, Тони Беллью украиналықпен төбелеседі деп отыр.

– Амал жоқ, Усикке алдымен Лебедевпен жұдырықтасу қажет. Өйткені, бұл айқастан бас тартса, WBA оны чемпиондықтан айыруы мүмкін. Ал Тони Усикпен тек барлық белбеулер ортаға түскенде ғана төбелеседі. Алда не боларын көре жатармыз. Бірақ, кешегі жаңалықтан кейін Усик пен Беллью арасындағы жекпе-жек 2018 жылы болмайтын сияқты, – деді Эдди Хирн.

Сонымен, украиналық пен британиялық арасындағы айқас биыл тек екі-ақ жағдайда өтеді. Біріншісі, Денис Лебедев 7 қыркүйек күні Челябинскіде түрік Хизни Алтункаядан жеңіліп қалар болса, екіншісі, Лебедев пен Усиктің командалары өзара келісіп, кездесуді кейінге қалдырар болса. Бірақ, Денис Лебедев мұндай мүмкіндікті жіберіп алады деп ойламаймыз.

Текст: Sadvakas Maikibayev