Бекман Сойлыбаевтың қарсыласы алмасты
Бекман Сойлыбаевтың шаршы алаңдағы қарсыласы алмасты. Қазақ боксшысы 10 наурыз күні АҚШ-тың Тустин қаласында жұдырықтасады.
Әу баста «Diamond Ring» батыры мексикалық Марио Антонио Масиаспен жұдырықтасады деп күтілген. Алайда, 10 наурыз күні шаршы алаңға Сойлыбаевқа қарсы Мексиканың басқа өкілі Герман Мераздың шығатыны белгілі болды.
– Шынымды айтсам, бұл қарсыласым жайлы әлі нақты ешнәрсе білмеймін. Дегенмен, Boxrec сайтындағы статистикасын көріп, таңғалдым. 30 жаста екен. Бірақ, кәсіпқой рингте 99 жекпе-жек өткізіп үлгеріпті. Мен оның жүзінші қарсыласы боламын. Сондықтан, тәжірибесі баршылық екені айтпаса да түсінікті. Жақында ол жайлы материалдар жинап, айқасқа аз күн қалғанда әлсіз және мықты тұстарын толық зерттеп үлгереміз деп ойлаймын, – деді Бекман Сойлыбаев.
Айта кетейік, кәсіпқой бокстағы карьерасын 2005 жылы бастаған Герман Мераз шаршы алаңда 99 жекпе-жек өткізіп, соның 55-інде жеңіске жеткен.