Бекман Сойлыбаев – Туған жердегі жеңістің қуанышы да бөлек

2016 ж. 24 мамыр
Бекман Сойлыбаев – Туған жердегі жеңістің қуанышы да бөлек

Бекман Сойлыбаев жақында кәсіпқой бокс рингіндегі тоғызыншы жекпе-жегін өткізіп, бұл жолы да жеңіске жетті.

Астанда өткен кәсіпқой бокс кешінде грузин Николоз Кокашвилиді екінші раундта нокаутқа түсіріп, екінші жартылай жеңіл салмақтағы WBC Eurasia Pacicfic чемпионы атанды. Бұл – Сарыағаштан шыққан сайыпқыранның екінші чемпиондық белбеуі. Бұған дейін ол WBA-NABA USA тұжырымы бойынша чемпион атанған болатын.

Астана төріне керілген рингте қос белбеуді екі иығына асынып алған, жерлестерінің қошаметіне бөленген Бекман Сойлыбаевты сөзге тартып, тоғызыншы жекпе-жегі мен жеңісінен кейінгі ой-пікірін білген едік:

– Өте тамаша кеш болды. Шынымды айтсам, осынша адам жиналып, зал аузы-мұрнынан шыға лық толады деп ойламап едім. Ұйымдастырылу жағында мін жоқ. Осы кешке жиналған көрермендер қарасын көріп, жігерленіп кеттім. Өзімді қолдап, қошамет көрсетіп отырған халықтың алдында жеңілуге хақым жоқ екендігін де сезініп, намысты қолдан бермеуге бекініп шықтым.

Негізі, қарсыласым өте тәжірибелі боксшы еді. Ол кәсіпқой бокс рингінде 21 жекпе-жек өткізіп, соның 17-ісінде жеңіске жетіп, жетеуінде нокаутпен басым түскен. Бірақ шаршы алаңда бетпе-бет келгенде толқып, жүрексініп тұрғанын білдіріп алды. Әрі бірінші раундта бір-екі рет пәрменді соққыларымды өткізіп алды. Содан кейін мүлде басқаша айқаса бастады. Тайсақтап, жылыстауы көбейді.

Бұл менің асықпай қимылдап, жадымдағының бәрін ойланып барып жүзеге асыруыма мүмкіндік берді. Сенімді түрде әрекет етіп, соққыларымды діттеген жеріме дөп тигізуге тырыстым. Негізі, мен кем дегенде алты раунд, әйтпесе 10 раунд жұдырықтасатын шығармыз деп ойлағанмын. Бірақ бірінші рандта-ақ беті қайтып қалған қарсыласымды өзім ойлағандай алтыншы немесе оныншы раундта емес, екінші раундта сұлаттым.

Өз жерімзде өткеннің пайдасы сол, бұл жекпе-жегіме жақын туыстарым мен достарымның көбісі келді. Боксшы болуыма ықпал еткен туған ағам келді. Тіпті қолыма алғаш рет бокс қолғабын кигенде, осы спорттың «әліппесін» үйретіп, қыр-сырына баулыған ең бірінші бапкерім келді. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш және құрмет. Алғашқы бапкерім мен туыстарымның көз алдында сенімді толықта ақтап, жанкүйерлерім мен жерлестеріме, жалпы отандастарыма тамаша жеңіс сыйлағаныма қуаныштымын. Әлі де қуанта беруге тырысамын. Қазақ боксының абыройын асқақтата беру – басты.

Текст: Sadvakas Maikibayev