Бекман Сойлыбаев – Реті келсе қарсыласымды құлатуға тырысамын

2017 ж. 10 наурыз
Бекман Сойлыбаев – Реті келсе қарсыласымды құлатуға тырысамын

Қазақстандық Бекман Сойлыбаев Астана уақытымен ертең таң әлекеуіммен қолына былғары қолғабын киіп, кәсіпқой бокстағы оныншы айқасын өткізу үшін шаршы алаңға көтеріледі. Жекпе-жек қарсаңында «Diamond Ring» батырымен сұхбаттасып, дайындығы жайлы сұраған едік.

– Бекман, жекпе-жек алдында қобалжушылық бар ма?

– Қобалжу кез келген адамға тән нәрсе ғой. Мұны қалыпты жағдай деп қабылдаған дұрыс шығар. Онсыз болмайды. Бұл да керек. Оның үстіне, шаршы алаңға шықпағаныма бір жылға жуықтап қалды. Дегенмен, гонгтың үні естіле салысымен бар қобалжушылықтың бәрі өздігінен жоғалады деп ойлаймын.

– Жалпы, алдағы айқасқа дайындығыңыз қалай?

– Қанша дегенмен Лос-Анджелесте бір жарым ай жатпай-тұрмай дайындалғанымыз өз пайдасын берді. Шыдамдылығым артып, физикалық қабілетімді жетілдірдім. Сондай-ақ, осындағы жаттықтырушым Эрик Браунмен бірге бірнеше технико-тактикалық арсеналдар дайындадым. Ертеңгі жекпе-жекте соның барлығын кәдеге жаратуға тырысамын.

– Бүгін салмақ өлшеу рәсімінде қарсыласыңыз Герман Мераздың бойы сізден аласалау екендігін байқадық…

– Өзімнің барлық артықшылықтарымды пайдалануға тырысам ғой.

– Қарсыласыңызды зерттей алдыңыз ба? Несімен қауіпті?

– Шыны керек, аса мән бермедім. Дегенмен, кейбір ерекшеліктерін байқадым. Жекпе-жекті өрбіту жағынан мексикалықтарға мүлдем ұқсамайды. Біз олардың бірінші нөмірде жұдырықтасатындығына үйреніп қалдық қой. Ал мынау тізгінді қарсыласына беріп, екінші нөмірмен жұдырықтасуды жөн көреді екен. Клинчке көп барады және кішкене лас жұдырықтасатын боксшы. Шаршы алаңда әккі, қу секілді көрінді маған.

– Ұзақ үзілістен кейінгі кірме жекпе-жек екендігін ескерсек, ертеңгі айқаста барлық раундты толық жүріп өтесіз бе?

– Біздің жекпе-жек алты раундтан тұрады. Спаррингтер кезінде бұдан да көп раундтар жұдырықтасқанмын. Сондықтан, қажет болса барлық раундты жұдырықтасып шығуға дайынмын. Алайда, реті келіп жатса, жекпе-жекті ерте аяқтауға қарсы емеспін. Сәті түсіп жатса, нокаутқа түсіруді көздеймін.

– Ал одан кейінгі жоспарларыңыз қандай? Чемпиондық белбеулеріңізді қашан қорғайсыз? Әлем чемпионы атақтары үшін айқасуға қашан дайын боласыз?

– Менің қазіргі мақсатым – ертең шаршы алаңға шығып, өз шаруамды жасап тастау. Одан кейінгісін көре жатармыз. Алыстан болжамай-ақ қояйын. Чемпиондық айқастарға дайынмын. Өзімді бұрынғыдан әлдеқайда жақсы сезінемін. Егер промоутерлерім ертең чемпиондық белбеу үшін шаршы алаңға шығасың десе, мен оған бүгін дайын боламын. Қазір промоутерлерім кәсіпқой бокс нарығын зерттеп, менің карьерамның неғұрлым сәтті болуы үшін жұмыс жасап жатыр. Бұл тұрғыда өз командама толықтай сенемін.

Текст: Sadvakas Maikibayev