Бекман Сойлыбаев келесі айқасын Альварес пен Чавестің андеркартында өткізеді

2017 ж. 19 сәуір
Бекман Сойлыбаев келесі айқасын Альварес пен Чавестің андеркартында өткізеді

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бекман Сойлыбаевтың келесі жекпе-жегінің уақыты белгілі болды. Жерлесіміз 29 сәуірде Рамон Альварес пен Омар Чавестің андеркартында айқасады.

Ғаламат бокс кеші Мексиканың солтүстігінде орналасқан Чиуауа штатының Росарито қаласында өтеді. Сойлыбаевтан бөлек, бұл кеште жартылай орта салмақта америкалық Брэндон Риос та жұдырықтасады деп күтілуде. Әзірге жерлесіміздің кімге қарсы шаршы алаңға шығатыны анықталған жоқ. Менеджерлер оған лайықты, әрі тәжірибелі қарсылас қарастыруда.

Айта кетейік, орта салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Рамон (24-5-2, 16 KO) мен Омар (35-3-1, 23 KO) – 6 мамырда Лас-Вегаста өзара кездесетін Канело мен Хулио Сезардың туған ағалары. 2014 жылы Рамон Альварес пен Омар Чавес бір-бірімен Мексикада кездескен. Ол кездегі айқас Альварестің жеңісімен аяқталған.

Естеріңізге сала кетейік, WBC EPBC және WBA NABA чемпиондық белбеулерінің иегері Бекман Сойлыбаев бүгінде әйгілі бапкер Эрик Браунның қарамағында Лос-Анджелесте жаттығып жүр. Кәсіпқой бокста 10 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.

Текст: Sadvakas Maikibayev