Бүкіләлемдік бокс кеңесінің белбеуі өз иесін Астанада табады
Астанадағы кәсіпқой боксы кешінің қызығы мен шыжығы WBC Eurasia Pacific тұжырымының чемпиондық белбеуі сарапқа салынатын жекпе-жек болады.
14 мамыр күні Diamond Ring компаниясы Астанада бүкіләлем құлақ түретін бокс мерекесін өткізеді. Кештің негізгі айқасында Бекман Сойлыбаев пен Николоз Кокашвили чемпиондық атақты сарапқа салады.
Екі боксшы арасындағы 10 раундтық жекпе-жекте Бүкіләлемдік бокс кеңесінің Евразия және Тынық мұхиты аймағына тиеслі әйгілі жасыл белбеуінің қайсысына бұйыратындығы анықталады.
WBA NABA USA тұжырымы бойынша чемпиондық белбеудің иегері Бекман Сойлыбаевқа лайықты қарсылас іздеу грузин боксшысына тоқталумен тәмамдалады.
22 жастағы Николоз Кокашвили кәсіпқой бокс рингіне алғаш рет 2011 жылы шыққан. Содан бері 21 жекпе-жек өткізген. 17 рет жеңіске жетіп (7 – мерзімінен бұрын), үш рет ұтылып қалған, енді біреуі тең аяқталған. Соңғы рет рингке шыққанында өзінің отандасын нокаутқа түсірген. Қысқасы, қарсылас – қарымды.
Сойлыбаев кәсіпқой боксқа 2014 жылы ауысты. Содан бері сегіз рет шаршы алаңға шығып, жеңіліссіз келеді. Яғни сегіз жеңіс! Тіпті үш рет нокаутпен үстем түсті. Соңғы жекпе-жегінде мексикалық Мозес Дельадилломен жұдырық түйістіріп, төрешілер шешімімен жеңіске жетіп, Солтүстік Америка чемпионы атанды.
Сойлабев – Кокашвили жекпе-жегінің андеркардында Diamond Ring отандық промоутерлік компаниясының басқа да боксшылары бақ сынайды. Атап айтқанда, Берікбай Нұрымбетов (1-0-0), Елдос Сарқұлов (3-0-0), сондай-ақ компанияға жақында қосылған, әуесқой бокс әлеміне кеңінен танымал, Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ел намысын қорғаған Айдар Шәрібаев (1 (1KO)-0-0) сынды жігіттеріміз де өз өнерлерін паш етеді.
14 мамыр күнгі кәсіпқой бокс кешінде ағайынды Жайлауовтар да рингке шығып, көпшілікті тәнті етеді. Алдағы күндері файткард толық түзіліп, шаршы алаңда кездесетін боксшылар жұбы жарияланады. Бәрін де біздің сайтымыздан білесіздер.