Арман Оспанов Алматыда Расул Мирзаевты нокаутқа түсірді

2020 ж. 7 наурыз
Арман Оспанов Алматыда Расул Мирзаевты нокаутқа түсірді

Алатау бөктерінде аралас жекпе-жек өнері кеші өтіп, ондағы басты жекпе-жектің бірінде қазақ Арман Оспанов (9-3) және ресейлік Расул Мирзаев (18-2) айқасты. Негізі бұл жекпе-жек бес раундқа жоспарланған еді. Алайда жерлесіміз бірінші раундта жеңіске жетіп, көрермендерді қуантты.

Жекпе-жек аса жоғары қарқында басталды. Екеуі де аянған жоқ. Бірақ мейлінше тартысты басталған айқас ұзаққа созылмады. Бірінші раундтың ортасына қарай, 33 жастағы Расул теуіп жібермек болғанда, 30 жастағы Арман оның аяғынан ұстап алып, жерге жықты.

Содан қарсыласын тұрғызбай, құлаштап тоқпақтаумен болды. Сондай ауыр соққыларының бірі Расулдың басына... кезекті рет дөп тигенде, төреші жекпе-жекті тоқтатты. Сөйтіп, Арман тәжірибелі қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді. Бұл – оның октагондағы оныншы жеңісі (10-3). Ал Мирзаев болса, үшінші рет ұтылды (18-3).

Жалпы, бұл кеште сегізбұрышқа бірнеше қазақстандық спортшы шықты:

Артём Резников ресейлік Хамзат Аушевты қылқындыру әдісімен жеңді.

Асылжан Бақытжанулы испан Дэниел «Жакаре» Толедоны нокаутқа түсірді (1-раунд, 3:51).
Евгений Егембердиев поляк Карол Селинскиді техникалық нокаутпен жеңді (1-раунд, 2:19).

Нұрсұлтан Қасымханов белорус Иван Жвирбляны нокаутқа түсірді (1-раунд, 1:39).
Өкінішке қарай, Ермек Тлауов ресейлік Алихан Сулеймановтен техникалық нокаутпен ұтылды (2-раунд, 5:00, жарақат алып қалды).