Ангелинаның алғашқы белесі: Боксшы IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды

2024 ж. 12 қазан
Ангелинаның алғашқы белесі: Боксшы IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас Бангкокта (Тайланд) өткен бокс кешінде жұдырықтасып, әйелдер арасындағы ең жеңіл салмақта IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды.

Отандасымыз Тайландта ұйымдастырылған жекпе-жек кешінде 29 жастағы аргентиналық боксшы, 2019-2022 жылдары WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын иеленген Дебора Анаи Лопеспен IBO-ның вакантты титулын сарапқа салды. Кездесу 10 раундқа (екі минуттан) жоспарланып, соңына дейін жалғасқан айқаста Лукас төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Сөйтіп қазіргі таңда қазақ қыздары арасында кәсіпқой бокстағы ең беделді төрт ұйымның бірі – IBO белдігін иеленіп тұрған жалғыз боксшы атанды. Тіпті дәл қазіргі уақытта ерлер арасында да жалғыз чемпион деуге болады. Бұған дейін бірнеше отандасымыз аталған ұйымның чемпиондық атағын жеңіп алса да, белдіктерінен айырылып қалған еді.

Дебора Анаи Лопес кім?

1995 жылы 20 ақпанда Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында дүниеге келген Дебора Анаи Лопес 2015 жылдан бері кәсіпқой бокс шаршы алаңында жұдырықтасып келеді. Бүгінге дейін 25 кездесу өткізіп, соның 21-ін жеңіспен аяқтаған. Бір рет тең түсіп, 3 мәрте қарсыласына есе жіберген.

Лопес кәсіби бокстағы дебютін 2015 жылдың 18 қыркүйегінде Иселе Сосаға қарсы өткізіп, төрт раундта төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Бұл жекпе-жек Аргентинаның Хунин қаласындағы General San Martin клубында өткен.

Ол кәсіби мансабында 15-0-1 (1 нокаут) рекордын жасап, екі рет Аргентина әйелдер чемпионы титулын және бір рет Оңтүстік Америка әйелдер чемпионы белдігін иеленді. 2019 жылдың 20 желтоқсанында Аргентинада Ниоркис Карреноға қарсы WBO әйелдер чемпионатының вакантты титулы үшін жекпе-жек өткізді. Сол кеште Лопес Карреноны ұпай санымен жеңіп, алғаш рет әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

Ал 2022 жылдың 19 наурызында WBO әлем чемпионы титулын Тамара Элизабет ДеМаркоға қарсы қорғап, күтпегенде белдігінен айырылып қалды. Лопес жекпе-жектің тоғызыншы раундында келгенде кездейсоқ баспен жасалған соққыдан кейін жарақат алып, жекпе-жекті жалғастыра алмай қалды. Сөйтіп төрешілер ұпай санын есептеп, екі төрешінің пікірі бойынша жеңіліп, әлем чемпионы атағынан айрылды.

Арманын орындаған Ангелина

2021 жылы кәсіпқой боксқа ауысып, әлем чемпионы атанамын деп мақсат қойған Лукас араға үш жыл салып арманына қол жеткізді. Әуесқой бокстан қол үзіп, кәсіпқой боксқа қадам басқан Ангелина алғашқы айқасын украиналық Еуропа чемпионатының жүлдегері Светлана Василевскаямен өткізіп, сенімді жеңді. Содан кейін 11 мәрте шаршы алаңға көтеріліп, барлығында да жеңіс тойын тойлады. Жерлесіміздің еншісінде екінші жеңіл салмақтың WIBF және WBF чемпиондық белдігі бар.

Жекпе-жектен кейін боксшы Instagram парақшасында мәлімдеме жасап, жеңісі туралы айтып берді: «Бүгін мен кәсіби бокстағы 12-ші жеңісіме қол жеткізіп, IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атандым. Бұл – мен үшін тарихи жекпе-жек. Өйткені мұндай жағдай Қазақстан тарихында болмаған. Мен осы жекпе-жекке барымды салып, титулды жеңіп алып, арманымды орындадым. Алға, Қазақстан!» деп жазды ол.

Ангелина Лукас 2024 жылы алты жекпе-жек өткізіп үлгерді.

Текст: Admin Admin