Алматыдағы бокс кеші: Руслан Мәдиев – су жаңа WBA Asia белдігінің иегері атанды

2024 ж. 22 қыркүйек
Алматыдағы бокс кеші: Руслан Мәдиев – су жаңа WBA Asia белдігінің иегері атанды

21 қыркүйек күні Алматыдағы Sadu Arena кешенінде қазақстандық Irfin Promotions промоутерлік компаниясы ұйымдастыруымен халықаралық кәсіпқой бокс кеші мәресіне жетті.

Отандық жас талантты кәсіпқой боксшылардың өнерін тамашалау үшін бокс кешіне қонақтар көптеп жиналды. Атап айтқанда, олардың қатарында бокстан Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев пен Виктор Демьяненко, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Василий Жиров, әуесқой бокста бірнеше дүркін ел чемпионы, Азия ойындарының жүлдегері, кезінде кәсіпқой бокста да өнер көрсетіп, жанкүйерлерді жарқын жеңісімен қуантқан Марат Мәзімбаев, әуесқой бокста әлем чемпионы және жүлдегері атанған Ердос Жаңабергенов пен Әділбек Ниязымбетов, кәсіпқой боксшылар – Айдар Шәрібаев, Айдос Ербосынұлы және тағы басқа да елімізге белгілі азаматтар болды.

Алматыдағы бокс кешінің шымылдығын орта салмақтағы отандасымыз Армат Арманұлы (0-1) мен өзбекстандық былғары қолғап шебері Анвар Тұрапов (9-4, 6 КО) ашып берді. 72,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен жекпе-жек 4 раундқа жоспарланған болатын. Екі боксшы да кездесуді толық жұдырықтасып шығып, жерлесіміз қарсыласынан ұпай саны бойынша басым түсті.

Армат кездесу барысында қарсыласын нокдаунға да түсіргенін айта кету керек. Бұл – Арматтың кәсіпқой бокстағы екінші айқасы және бірінші жеңісі. Ол кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін 8 маусым күні Шымкенттегі Irfin Promotions промоутерлік компаниясының алғашқы бокс кешінде өткізіп, ресейлік Никита Горшковтан жеңіліп қалған еді.

Саматәлі Төлтаев (3-0, 1 КО), Қазақстан - Магомедрасул Омаров (2-1, 1 КО), Ресей

Әуесқой бокста бірталай жетістікке жетіп, биылдан бастап кәсіпқой бокста өнер көрсете бастаған Саматәлінің аяқ алысы жаман емес. Биылдыққа үш кездесу өткізіп, соның барлығын жеңіспен аяқтады. Жеңіл салмақта (61,2 кг) жұдырықтасатын жерлесіміз Алматыдағы бокс кешінде ресейлік Магомедрасул Омаровпен қолғап түйістіріп, қарсыласын екінші раундта техникалық нокаутпен тізе бүктірді.

Әділет Құрметов (3-0, 1 КО) - Вишал Құмар (3-2-1, 2 КО), Үндістан

Биылдан бастап кәсіпқой боксқа ден қоя бастаған Шығыс Қазақстанның тумасы Әділет Құрметов та қарсыластарынан шетінен жайпап келеді. Екінші жеңіл салмақ (59 кг) дәрежесінде жұдырықтасатын отандасымыз Алматыдағы бокс кешінде үндістандық Вишал Құмармен кездесіп, қарсыласын 4-раунда нокаутпен жеңді.

Әлішер Әбдуәлім (2-0, 1 КО) – Иракли Геранашвили (16-16-6, 8 КО), Грузия

Тараздың жас таланты Әлішер Әбдуәлім жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Отандасымыз грузиялық тәжірибелі боксшы Иракли Геранашвилимен жолығып, бокс кешіне жиналған қауымға 6 раунд бойы тартысты айқас көрсетті. Нәтижесінде жерлесіміз төрешілердің бірауыз шешімімен кезекті жеңісіне қол жеткізді.

Санатәлі Төлтаев (2-0, 1 КО) – Сардар Атакишиев (11-2, 8 КО), Қырғызстан

Ағайынды егіздердің екіншісі – Санәтәлі Төлтаев та кешегі бокс кешінде өзін жақсы қырынан көрсете алды. Бұл жолғы жекпе-жекте ол қырғызстандық Сардар Атакишиевпен жұдырықтасты. 63,5 келіге дейінгі салмақтағы жекпе-жек толық алты раундқа жалғасып, Санатәлі төрешілердің айқын басымдығымен жеңіске жетті.

Нұрдос Төлебай (13-0, 10 КО) – Ұлықбек Қайымбоев (6-1-0, 5 КО), Өзбекстан

Шымкенттегі бокс кешінің басты жекпе-жегінде жұдырықтасқан түркістандық Нұрдос Төлебай бұл жолы Main card-ты ашып берді. Әр жекпе-жек сайын ең мықты боксшылармен жұдырықтасып келе жатқан отандасымыз Алматыдағы айқаста бірде-бір рет жеңілістің кермек дәмін татпаған өзбекстандық боксшыны сынақтан өткізді. Алты кездесу өткізіп, соның бесеуін мерзімінен бұрын жеңген Қайымбоев жетінші жекпе-жегінде Нұрдостан қаймығып қалды. Боксшылар алты раундты жұдырықтасып, Төлебай төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.

Елшат Нығметолла (20-0-1, 7 КО) – Мухсин Кизота (20-6, 12 КО), Танзания

Басты жекпе-жектердің бірінде жұдырықтасқан қазақстандық Елшат Нығметолла кәсіби бокстағы 20 жеңісіне қол жеткізді. Ол танзаниялық Мухсин Кизотамен кездесіп, үшінші раундта-ақ қарсыласының осал тұсын тауып, техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Үшінші раунд басталған бетте қарсыласын соққының астына алып, оң қолымен іштен соққан соққысынан кейін Мухсин жекпе-жекті ары қарай жалғастыра алмады.

Руслан Мәдиев (16-2, 6 КО) – Тигран Согоянмен (7-0-1, 4 КО), Ресей

Жерлесіміз WBA Asia атағы үшін жартылай орта салмақтағы белдіктің иегері таиландтық Киттисак Клинсонмен (8-1, 5 КО) жұдырықтасуға тиіс еді. Алайда қарсыласы сырқаттанып, ауруханаға түсіп қалған соң аталған ұйым белдікті вакантты деп жариялады. Сөйтіп ұйымдастырушылар чемпиондық белдікті отандасымыз бен ресейлік боксшы Тигран Согоянмен (7-0-1, 4 КО) сарапқа салатынын мәлімдеді.

Руслан Мәдиев жекпе-жекке санаулы күн қалғанда қарсыласының ауысқанына қарамастан, чемпиондық атақ жолында өте сауатты жұдырықтасып шықты. Әр раунд сайын төрешілерге басымдығын байқатып, жеңіске лайық екенін көрсетіп отырды. Нәтижесінде Руслан 10 раунд қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетіп, су жаңа WBA Asia чемпиондық белбеуінің иегері атанды.

Текст: Admin Admin